Мектептердің автопаркін жаңарту межесі тұр – ШҚО
Биыл ШҚО-ның барлық аудандарында орналасқан 23 мектепке ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Бұл шаралар білім беру ұйымдарының қауіпсіз әрі қолайлы оқу ортасын қалыптастыруға бағытталған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Былтыр Өскемен және Риддер қалаларында, сондай-ақ Глубокое, Зайсан, Катонқарағай, Күршім, Алтай, Марқакөл, Самар, Тарбағатай, Ұлан және Шемонаиха аудандарындағы 100 мектепте жөндеу жұмыстары жүргізілген-ді.
Сондай-ақ білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында да жүйелі жұмыстар іске аспақ. Жоспарға сәйкес 25 мектептің материалдық-техникалық базасын жаңарту көзделіп отыр. Атап айтқанда, химия, физика және биология пәндері бойынша 35 оқу кабинеті халықаралық стандарттарға сай заманауи құрал-жабдықтармен қамтылады. Бұл жаратылыстану пәндерін оқыту сапасын арттырып, оқушылардың тәжірибелік дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, мектеп автопаркін кезең-кезеңімен жаңарту мақсатында осы жылы лизинг тетігі арқылы мектеп автобустарын сатып алу жоспарланған. Бұл, әсіресе, ауылдық елді мекендердегі оқушыларды тасымалдау мәселесін шешуге оң әсерін тигізеді.