Сарбаздардың ата-аналарына арналған Ашық есік күні
Өскемен қаласындағы Қасым Қайсенов атындағы 27943 әскери бөлімінде «Ашық есік» күні ұйымдастырылды. Іс-шара аясында мерзімді әскери қызметшілердің ата-аналары мен жақын туыстары бөлім аумағына келіп, сарбаздардың әскери өмірімен етене танысуға мүмкіндік алды, деп хабарлайды Altainews.kz.
Ашық есік күнінің басты мақсаты – ата-аналарға ұлдарының қызмет етіп жатқан ортасын көрсету, олардың күнделікті тұрмыс-тіршілігі, қызмет тәртібі мен жағдайы туралы толық әрі ашық ақпарат беру.
Іс-шара барысында қонақтар әскери бөлім командирлерімен еркін форматта кездесіп, әскери қызметтің ерекшеліктері, тәртіп талаптары мен сарбаздардың әлеуметтік жағдайы туралы кеңінен мағлұмат алды. Ата-аналарды толғандырған сауалдарға нақты жауап берілді.
Сонымен қатар ата-аналар сарбаздардың жатын казармасын, асханасын аралап, тамақтану сапасымен, киім-кешек және қажетті құрал-жабдықтармен қамтылу жағдайымен танысты. Әскери қызметшілердің күн тәртібі мен қызмет барысындағы талаптар да жан-жақты көрсетілді.
Айта кетейік, «Ашық есік» күні еліміздің барлық әскери бөлімдерінде ұйымдастырылды. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, мұндай іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Әскери бөлімдерде ата-аналармен байланыс орнату үшін WhatsApp чаттары ашылып, «Отбасымен бейнеқоңырау» сервисі арқылы сарбаздар мен олардың жақындары арасында тұрақты байланыс қамтамасыз етілген. Бұл мақсатта арнайы планшеттер сатып алынған.
Бұдан бөлек, әскери бөлімдерде «Аналардың жүрегі» сарбаз аналары комитетінің өкілдеріне толық қолжетімділік берілген. Комитет мүшелері сарбаздардың қызмет ету жағдайын жүйелі түрде бақылап, Қарулы күштердің басшылығына және ата-аналарға ақпарат ұсынып отырады.
Мұндай ашық форматтағы кездесулер ата-аналардың сенімін арттырып, Қарулы күштердегі қызметтің ашық әрі жүйелі ұйымдастырылғанын айқындайды.
Фото: 27943 әскери бөлімінің баспасөз қызметі






