Құрылтай – еліміздегі заң шығару билігiн жүзеге асыратын ең жоғары өкiлдi орган болмақ
Конституциялық комиссия екінші отырысында «Құрылтай», «Халық кеңесі» бөлімдері бойынша нормаларды талқылады. Парламент Сенатының депутаты Нұрлан Бекназаров «Құрылтай», «Халық кеңесі» бөлімдеріндегі нормаларға тоқталды, деп хабарлайды Altainews.kz.
Комиссия мүшесінің айтуынша, бір палаталы Парламентке өтуге байланысты қолданыстағы Конституцияның «Парламент» бөлімінің бірқатар баптарына оның құрылуы, сайлануы, құзіреті, өкілеттігі, заң қабылдау процестері мен құрамына қатысты маңызды өзгерістер енгізу көзделген. Бірқатар баптың күші тұтастай алынып тасталады.
Құрылтай конституциялық заңда белгіленген тәртіппен біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша пропорционалды өкілдік ету жүйесімен сайланатын 145 депутаттан жасақталады. Депутаттардың өкілеттік мерзімін бес жыл етіп белгілеу ұсынылған.
Сонымен бірге, Комиссия отырысында Құрылтай депутаттарын сайлау мерзімдері мен дауыс беру тәртібі, Құрылтай Төрағасын сайлау, үміткерлерге қойылатын талаптар мен тыйымдар талқыланды.
Сондай-ақ, Президент жаңа реформалар аясында қоғамымыздың елеулі дамуына, елдің ынтымақ-бірлігін нығайтуға ықпал ететін қоғамдық-саяси бірлестіктер мен белсенділерді біріктіретін жаңа жоғары консультативтік орган – Қазақстан Халық кеңесін құруды ұсынған еді. Депутат Ата заңға Халық Кеңесінің өкілдігіне, құзіретіне, қатысты жеке бөлімнің енгізілуі консультативтік органның маңыздылығын айқындайтынын жеткізді.
Фото: Конституциялық сот


