Мемлекеттік кеңесші этномәдени бірлестіктер және Мәжілістегі фракция жетекшілерімен кездесті
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин этномәдени бірлестіктердің жетекшілері және Парламент Мәжілісіндегі саяси партиялар фракцияларының басшыларымен бірқатар кездесу өткізіп, Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында көтерілген бастамалар мен жүргізіліп жатқан конституциялық реформаның негізгі бағыттарын талқылады, деп хабарлайды Altainews.kz.
Жиында Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында айтылған бастамалар және этномәдени бірлестіктердің елдегі саяси жаңғыруды жүзеге асыруға қатысу мәселелері қозғалды.
Ерлан Қарин жүргізіліп жатқан конституциялық реформаның елдің орнықты дамуы үшін маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидаты қоғамдық бірліктің негізгі тірегі болып қала береді. Кездесуге қатысушылар Президент бастамаларын қолдап, алдағы реформаларды іске асыруға белсенді атсалысуға дайын екендерін жеткізді.
Сондай-ақ, Мемлекеттік кеңесші Парламент Мәжілісіндегі саяси партиялардың фракция жетекшілерімен кездесті. Басқосуда бір палаталы жаңа Парламентке көшу және конституциялық реформаны әзірлеу барысы сөз болды.
Ерлан Қарин партия фракцияларына атқарылған жұмыс үшін ризашылық білдіріп, Ұлттық құрылтайдың Қызылордада өткен отырысының тарихи мәніне тоқталды. Өз кезегінде фракция жетекшілері Президент бастамаларын толық қолдайтындарын айтып, реформаларды жүзеге асыру жұмыстарын жалғастыруға дайын екенін мәлімдеді.
Фото: Ақорда
