KZ
Өскемен
-13°
небольшой снег жел 4 м/с, З
503.35 590.63 6.62

2027 жылға арналған Халық қатысатын бюджет: Өскемен әкімдігі өтінім қабылдауды бастады

22.01.2026, 18:30 122 Даурен Аллабергенұлы

Өтінімдерді қала әкімдігі аппаратының ресми сайтында беруге болады. Басымдық бір жыл ішінде іске асыруға болатын жобаларға беріледі. Өтінім қабылдау 2026 жылдың наурыз айында аяқталады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

2027 жылға арналған Халық қатысатын бюджет жобасы аясында тұрғындардан жобалық ұсыныстарды қабылдау 20 қаңтарда басталып, 1 наурызда аяқталады.

– Тұрғындар өтінімдерді қала әкімдігі аппаратының ресми сайтындағы «Халық қатысатын бюджет 2027» бөлімінде ұсына алады. Өтінімдер белгіленген кестеге сәйкес қабылданады. Ұсыныстарды қабылдау, дауыс беру және өтінімдерді қарау мерзімдері ресми сайтта, «Халық қатысатын бюджет 2027» бөлімінде жарияланған, – делінген Өскемен қаласы әкімдігінің сайтында.

Жобалық ұсыныстарға қойылатын талаптар:

1. жалпыға ортақ пайдаланылатын нысан болуы;

2. тиісті аумақ тұрғындары үшін өзектілігі.

Басымдық бір жыл ішінде жүзеге асыруға болатын жобалық ұсыныстарға беріледі.

Дауыс беруге жіберілмейтін жобалық ұсыныстар:

1. тұтас жоба болып табылмайтын, фрагменттік сипаттағы ұсыныстар (болашақта қосымша элементтерді іске асыруды талап ететін);

2. тиісті елді мекеннің даму басымдықтарына сәйкес келмейтін;

3. жеке коммерциялық сипаттағы ұсыныстарды көздейтін;

4. тиісті елді мекеннің құрамдас бөліктерінде осыған ұқсас жобалар бұрын іске асырылған жағдайда.

Халық қатысатын бюджет аясында дауыс беруге шығарылып, іске асырылатын жобалар:

1. аумақты көгалдандыру;

2. тротуарларды абаттандыру;

3. тротуарлар, пандустар, арықтар салу және жөндеу;

4. жалпыға ортақ пайдаланылатын орындарды (парктер, скверлер, жаяу жүргіншілер аймақтары, көшелер және өзге де нысандар) құру, жөндеу және жарықтандыру;

5. бордюрлерді, брусчаткаларды, тіреу қабырғаларын жөндеу;

6. қоқыс үйінділерін жою;

7. жалпыға ортақ пайдаланылатын орындарда балалар ойындары мен ересектердің демалысына арналған жабдықтар мен құрылымдарды, орындықтар мен қоқыс жәшіктерін орнату және жөндеу;

8. аула аумақтарында және жалпыға ортақ орындарда спорттық (жаттығу алаңдары, футбол, баскетбол, волейбол алаңдары), балалар ойын алаңдарын орнату, жөндеу және жарықтандыру;

9. санитариялық жағдайды қамтамасыз ету.

Бір жобалық ұсынысты іске асырудың шекті құны өтінім беру сәтінде 64 875 000 теңгеден аспауға тиіс.

Халық қатысатын бюджет арқылы іске асыруға жатпайтын жұмыстар тізімі:

     – жолдарды шұңқырлап жөндеу;

     – жолдарға қиыршық тас төсеу;

     – жолдардың орташа жөндеуі.




Елизавета Седых

Аударған: Дәурен Аллабергенұлы

Фото: Өскемен қалалық әкімдігі

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу