Ер жүрек ұстаз отқа оранған үйден балаларды аман алып шықты – ШҚО
Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданына қарасты Соловьево ауылында болған өрт кезінде үй ішінде кішкентай балалар қалып қойған. Абырой болғанда, ауыл тұрғынының батылдығы мен жедел әрекетінің арқасында балалар дін аман құтқарылды, деп хабарлайды Altainews.kz.
Оқиға куәгерлерінің айтуынша, Соловьев орта мектебінің дене шынықтыру және бастапқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Руслан Сейітов жалынды көрген бетте бірден әрекет еткен. Қою түтін мен өрттің күшті болғаны соншалық үйге есіктен кіре алмаған ол терезені сындырып, балаларды сыртқа шығарған.
Сол күні ауа температурасы төмендеп, аяз түскен. Мұғалім балаларды дереу өз үйіне апарып, жылытып, қауіпсіз жерге орналастырған. Сонымен қатар, қалған көршілерін өрт туралы ескертіп, қажетті көмекті ұйымдастыруға атсалысқан.
Кейін Руслан Сейітов өртеніп жатқан үйге қайта оралып, іште қалып қойған қарт адамды да құтқаруға көмектескен.
Ауыл тұрғындары мұндай азаматтардың кез келген қоғам үшін маңызды екенін айтып, ұстаздың ерлігіне алғыстарын білдірді. Ал өзі бұл әрекетін батырлық деп санамай, қиын жағдайда адам өмірін құтқару — әр азаматтың парызы екенін жеткізген.
Фото: ШҚО Ішкі саясат басқармасы