Соңғы үш жылда театрларға келушілер саны 20 пайызға артты – ШҚО
ШҚО-да соңғы жылдардағы тенденция бойынша театрларға келушілердің саны тұрақты өсіп келеді. Енді тек аға буын ғана емес, жас көрермендер де белсенді түрде келуде. Бұл – театрлардың заман талабына бейімделіп, аудиториямен жаңа форматта жұмыс істей бастағанының нәтижесі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Облыстық театр әлеуметтік желілер арқылы белсенді насихат жүргізіп, онлайн билет сату жүйесін тиімді пайдаланып отыр. Нәтижесінде көрерменге қолжетімділік артты, қызығушылық күшейді. Соңғы 3 жылда келушілер саны шамамен 20 пайызға өскен.
Сонымен қатар көрермен тарту мақсатында танымал кино және театр әртістері шақырылуда. Мысалы, былтыр кино және театр актрисасы Жұлдыз Әбдікәрімова арнайы шақырылып, қырғыздың көрнекті жазушысы Шыңғыс Айтматовтың «Шынарым менің, шырайлым менің» қойылымында басты рөлді сомдады. Бұл оқиға көрермен қызығушылығын одан әрі арттырып, театрдың имиджін күшейте түсті.
Заманауи маркетингтік тәсілдер, онлайн сервистер және өнер иелерімен бірлескен жобалар театр аудиториясының кеңеюіне тікелей әсер етіп, келушілер санының тұрақты өсуін қамтамасыз етуде.