ШҚО-да тағы бір ауыл ішімдіктен бас тартты
Тарбағатай ауданына қарасты Жаңаауыл тұрғындары «Тәртіпті, құқыққа бағынатын ауыл» бастамасына ресми түрде қосылуға шешім қабылдады, деп хабарлайды Altainews.kz.
Ауылдық мәдениет үйінде бас қосқан жүзге жуық жаңаауылдықтар елді мекенді «арақ ішпейтін ауылдар» қатарына енгізу жөніндегі ұсынысты бірауыздан қолдады. Жиынға полиция бөлімі өкілдері де қатысып, тұрғындармен қоғамдық тәртіпті сақтау, алкогольге байланысты құқықбұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ алаяқтық қылмыстардың профилактикасы сияқты өзекті мәселелерді кеңінен талқылады.
Қатысушылардың айтуынша, ішімдікке қарсы шешім – шектеу немесе тыйым емес, керісінше, отбасындағы тыныштықты сақтау, қоғамдағы қауіпсіздікті күшейту және жастардың болашағын қорғауға бағытталған саналы қадам.
Бастаманы Ақсақалдар және Аналар кеңестері, діни бірлестік өкілдері, білім саласының қызметкерлері және құқық қорғау органдары қолдап отыр. Полиция қызметкерлері тұрмыстық құқықбұзушылықтардың едәуір бөлігі ішімдік салдарынан болатынын жасырмайды.
Айта кетейік, қазіргі таңда Жаңаауыл ауылында 661 тұрғын бар. Осылайша Жаңаауыл Шығыс Қазақстанда ішімдіктен ресми түрде бас тартқан 21-ші елді мекен атанды.
Фото: ШҚО ПД



