Балықшыларға бақылау күшейді
Қазір Шығыс Қазақстанда қысқы балық аулау маусымы қызған кезең. Табиғат аясында сүйікті ісімен айналысқысы келетіндер үшін бұл – демалыстың ерекше түрі. Алайда дәл осы уақытта адам өміріне тікелей қауіп төндіретін факторлар да арта түседі. Соның бірі – су айдындарындағы мұздың тұрақсыздығы. Осыған байланысты өңірде қысқы балық аулау орындарында профилактикалық рейдтер күшейтілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Облыстың төтенше жағдайлар департаменті қыстың басынан бері мұздағы қауіпсіздік ережелерін сақтау мақсатында кең ауқымды жұмыстар жүргізіп келеді. Құтқарушылардың айтуынша, мұз үстінде болу – әрдайым қауіппен бетпе-бет келу деген сөз. Әсіресе, қысқы балық аулау әуесқойлары тәуекелшілдер тобына жатады.
Жыл сайын мұзда қауіпсіздік талаптарын елемеу салдарынан жазатайым оқиғалар тіркеледі. Мұндай жағдайлар тек тәжірибесіз адамдардың ғана емес, өзін «кәнігі балықшымын» деп санайтын тәжірибелі азаматтардың да басынан өтеді. Қалың мұзға сену, ауа райының күрт өзгерісін ескермеу, жеке қауіпсіздік құралдарын қолданбау – қайғылы жағдайларға әкелетін негізгі себептер.
Департамент мәліметінше, өңірде бүгінде 300-ге жуық профилактикалық рейд ұйымдастырылған. Рейдтер тек күндізгі уақытта емес, балықшылар көп жиналатын түнгі мезгілде де өткізіледі. Бұл – азаматтардың барынша көп бөлігін қамтуға бағытталған шара.
ШҚО ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Эльдар Шаймардановтың айтуынша, рейд барысында қауіпсіздік талаптарын өрескел бұзған азаматтарға қатысты әкімшілік шаралар қолданылуда.
Мамандардың айтуынша, негізгі мақсат – айыппұл салу емес, адам өмірін сақтау. Сондықтан рейдтер кезінде балықшылармен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қауіпсіздік ережелері жан-жақты баяндалады.
Құтқарушылар су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Нормативке сәйкес мұздың қалыңдығы кемінде 25 сантиметр болуға тиіс. Сонымен қатар қысқы балық аулауға шыққан әр адам өзімен бірге міндетті түрде қауіпсіздік құралдарын алып жүруі керек. Атап айтқанда: ысқырық, құтқару жилеті, құтқару шильці, диаметрі кемінде 11 милиметр, ұзындығы кемі 12 метрлік арқан, ұзындығы кемінде 2 метр таяқ, су өткізбейтін пакетке салынған ұялы телефон. Бұл құралдар төтенше жағдайда адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Алайда тәжірибе көрсеткендей, көптеген балықшылар бұл талаптарды елемейді немесе «маған ештеңе болмайды» деген немқұрайлылық танытады.
Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды мұз үстінде жүрген адамдардың құлап кеткенін көрген жағдайда дереу 112 нөміріне хабарлауға шақырады. Уақытылы берілген ақпарат құтқару жұмыстарын жедел ұйымдастыруға мүмкіндік береді.



