Шығыста құрақ құрау шеберлері алғаш рет бас қосты
Шығыс Қазақстанда алғаш рет байырғы құрақ құрау өнерін серік еткен шеберлердің басы бір ортаға жиналды. Ұлттық қолөнерді жаңғыртуды мақсат еткен бұл мәдени жиын құрақ құраудың терең мағынасын ашып, оның бүгінгі қоғамдағы орнын айқындады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Құрақ құрау – мата қалдықтарын үнемдеп тігудің ғана тәсілі емес, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан үлкен философия. Бұл өнер арқылы халқымыз үнемшілдікті, сабыр мен төзімділікті, әсемдікке деген талғамды бойға сіңірген. Соған қарамастан, құрақ құрау әлі де терең зерттеуді қажет ететін ұлттық өнер түрлерінің бірі.
Шара Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық музей-қорығында «Мағыналы құрақ» атауымен өтіп, «Бабалар аманатын заманауи түрде жаңғыртайық» деген идеяны негізге алды. Шеберлік-сағаттың мақсаты – дәстүрлі қолөнерді кеңінен насихаттау, құрақ шеберлерін бір ортаға біріктіріп, тәжірибе алмасуға мүмкіндік беру.
Шығыс Қазақстан өнер музейінің сәндік-қолданбалы өнер бөлімінің ғылыми қызметкері Жадыра Рахатова құрақ құраудың ұлттық мәдениеттегі орнына кеңінен тоқталды.
Ғылыми қызметкердің айтуынша, бүгінде құрақ құрау өнері елімізде ерекше қарқынмен дамып келеді.
Оның сөзінше, бүгінгі «Мағыналы құрақ» шеберлік-сағаты алдағы үлкен фестивальдердің бастауына айналып отыр.
Шеберлік-сағаттың спикері, шығыс құрақшысы Айжан Үмбетова құрақ өнерін насихаттаудың маңыздылығына ерекше тоқталды.
Оның айтуынша, жастардың бұл өнерді тереңірек тануы аса маңызды.
Шебер құрақ құраудың адам мінезіне де оң әсер ететінін атап өтті.
Жиын «Асыл әжелер» алқасының орындауындағы «Қазақы дастарханым» әнімен ашылып, шеберлер туындыларынан құралған шағын көрмемен толықты. Осылайша, Шығыста алғаш рет өткен құрақшылар басқосуы ұлттық қолөнердің құнын арттырып, бабалар аманатын бүгінгі және келер ұрпаққа жеткізудің жарқын үлгісіне айналды.
Фото: Артем Жигулин
Видео: Евгений Щетников












