Президент тапсырмаларын іске асыру: нақты секторды қолдауға 8 трлн теңге бағытталады
Үкімет жалпы ішкі өнімнің өсімін кемінде 5 пайыз деңгейінде қамтамасыз етуді және экономиканың нақты секторын қолдауға шамамен 8 трлн теңге бағыттауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұлттық құрылтайда берілген Президент тапсырмаларын жүзеге асыру тетіктері жөнінде айтқан Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин халықтың табысын арттыру мақсатында макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған бағдарламалар жалғасын табатынын мәлімдеді.
Атап айтқанда, негізгі капиталға салынатын инвестициялар көлемін жалпы ішкі өнімге шаққанда 18 пайызға дейін жеткізу көзделіп отыр. Қабылданатын шаралар кешені халықтың нақты табысының 2-3 пайыздан жоғары өсуіне мүмкіндік береді.
Экономикалық өсудің проактивті саясаты аясында жалпы қосылған құнды, экспорттық түсімдерді және еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған жаңа өндірістік қуаттарды іске қосу бойынша мемлекеттік тетіктер құрылмақ. Бұл ретте экспортқа бағдарланған және импортты алмастыруды көздейтін терең өңдеу кластерлерін дамытуға басымдық берілмек.
Аталған қадамдар ел экономикасының орнықты өсуін қамтамасыз етіп, нақты сектордың әлеуетін арттыруға және халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталады.