Үкімет инфляцияны 9-11%-ға дейін төмендетуді көздейді
Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде инфляцияны тежеу жөніндегі шараларды күшейтіліп, 9-11%-ке дейін төмендету үшін атқарылатын жұмыстар кешені қабылданады, деп хабарлайды Altainews.kz ел Үкіметіне сілтеме жасап.
Биылдан бастап елімізде бағаларды тұрақтандыру үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі 19-дан 31-ге дейін кеңейтілгені белгілі. Үкімет отырысында табиғи монополиялар субъектілерінің тарифтері өскен кездегі тигізетін ықпалы қатаң қадағалануға алынатыны тілге тиек етілді. Ол инфляцияның нысаналы параметрлеріне байланысты шектелетін болады.
Бұдан бөлек Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин атап өткендей, бизнеске қолайлы болуы үшін және Салық кодексін тиімді енгізу мақсатында құрылған Жобалық кеңсесі консультациялар мен сүйемелдеу үшін бірыңғай терезе болмақ. Қазіргі таңда түсіндіру жұмыстары 130 мың кәсіпкерді қамтыды, пікірлер мен ұсыныстарды есепке алу үшін конструктивті диалог жолға қойылды.
Ел Үкіметі ЖІӨ өсімін кемінде 5% деңгейінде қамтамасыз етіп, экономиканың нақты секторын қолдауға шамамен 8 трлн теңге бағыттауды көздеп отыр. Ұлттық құрылтайда берілген Президент тапсырмаларын жүзеге асыру тетіктері талқыланған жиында халықтың табысын арттыру үшін макроэкономикалық тұрақтылық бағдарламасы жалғасатыны да айтылды. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемін жалпы ішкі өнімге қатысты 18%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Шаралар кешені халықтың нақты табысының 2-3%-дан жоғары өсуіне мүмкіндік береді.
Осы ретте ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов Үкімет отырысынан кейін аудан-қала әкімдері мен басқарма басшыларына әр бағыт бойынша жоспар құрып, жүйелі жұмыс істеуі керектігін нықтады.
Фото: ҚР Үкіметі, ШҚО әкімдігі



