KZ
Өскемен
-10°
облачно с прояснениями Штиль
503.9 603.32 6.61

Торпедоны тарихи жеңісімен құттықтады

21.01.2026, 20:00 707 Айдос Мырзахметов

Өскеменнің Торпедо хоккей клубы өз тарихында ең үздік IIHF Құрлықтық кубогі турнирінің күміс жүлдегері атанып, ел спорты үшін елеулі жетістікке қол жеткізді. 2025–2026 жылғы маусымның финалдық кезеңі Ұлыбританияның Ноттингем қаласында өтіп, өскемендік ұжым халықаралық аренада жоғары деңгейдегі ойын көрсетті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

Құрлықтық кубоктағы күміс жүлде жалпы отандық хоккей үшін де маңызды белеске айналды. Бұл қазақстандық клубтардың еуропалық деңгейде бәсекеге қабілетті екенін паш етті. Команда елге оралған соң бірден Қазақстан чемпионатының тұрақты ойындарына дайындықты бастап кетті. «Торпедо» бүгін өз алаңында петропавлдық «Құлагер» командасын қабылдады. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов ойын барысын тамашалап, «Торпедоны» тарихи жеңісімен құттықтап, жүрекжарды тілегін жеткізді.

– Бұл спортшыларды даярлаудың жоғары деңгейінің, жаттықтырушылар штабының кәсібилігінің, өңірде хоккейді дамыту мақсатында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстың нәтижесі. Континентальдық кубоктың күміс медалі – маңызды спорттық жетістік қана емес, халықаралық аренадағы отандық хоккейдің бәсекеге қабілеттілігінің көрсеткіші. Өңіріміздің намысын абыроймен қорғап, жаңа жетістіктерге жете беріңіздер. «Торпедо» біз үшін әркез чемпион!, - деді аймақ басшысы.

Аймақ басшысы ойыншыларға арнайы «Алғыс хатын» табыстады. Нұрымбет Сақтағанов салтанатты рәсімнен кейін өскемендік хоккейшілер мен Петропавлдан келген «Құлагер» командасының ойыны алдында символикалық шайба тастау рәсімін өткізді.

– Еуропа ойыншылары арасында екінші орын иелену өте жоғары нәтиже. Халықаралық хоккей Өскеменге қайтып келді десек жаңылмаймыз. Биыл өңірімізде үлкен футбол да қайта жандана бастады. Соның өзінде, хоккей біз үшін жеке бренд болып қала бермек, - дейді Шығыс Қазақстан облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов.

Айта кетейік, бұл клуб тарихындағы Континенталдық кубоктағы ең үздік нәтиже. Бұған дейін «Торпедо» хоккейшілерінің ең жоғары жетістігі 2007-2008 жылғы маусымда жеңіп алған қола жүлде болатын.






Жалғас Сакадиев
Жібек Нұрахмет

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу