ШҚО мен Австрия: медицина мен оңалту саласындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңі
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Австрия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Андреа Бахермен кездесті. Жиында экономика мен денсаулық сақтау салаларындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту жайы талқыланды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Шығыс Қазақстан ашық диалогқа, өзара сенімге және ұзақ мерзімді серіктестікке, медицинаға инвестиция тартуға негізделген сыртқы байланыстарын нығайтып келеді.
Ынтымақтастықтың маңызды қадамдарының бірі – австриялық стандарттарға сай заманауи оңалту орталығын құру жобасы. Бұған дейін облыс әкімдігі мен SANLAS Holding GmbH компаниясы арасында меморандумға қол қойылған. Бұл серіктестік келесі бағыттарды қамтиды. Медициналық оңалту және диагностика, денсаулық сақтау саласындағы ғылыми зерттеулер, кәсіби даярлау және тәжірибе алмасу.
Облыстық оңалту орталығының бас дәрігері Тимур Тортаев өңірде көрсетілетін қызмет түрлерін кеңейту қажеттігін атап өтті. Қазіргі Шығыс Қазақстан облысында онкологиялық оңалту орталығы табысты жұмыс істеп тұрғанымен, пульмонология мен диабет бағыттары көштен қалып отыр.
Жаңа орталықтың тұжырымдамасы дәстүр мен инновацияны ұштастырған бірегей модельге негізделеді. Онда дәстүрлі әдістер ретінде шөппен емдеу, қымызбен емдеу, балшықпен емдеу және пантамен емдеу қарастырылса, заманауи тәсілдер қатарында роботтандырылған технологияларды пайдалану және диагностика мен емдеудің соңғы хаттамаларын енгізу көзделіп отыр.
Орталық қызметтері тұрғындар үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі (МӘМС) аясында, сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі желісі бойынша санаторий-курорттық ем алу арқылы қолжетімді болады деп жоспарлануда.
Қазақстан мен Австрия арасындағы ынтымақтастықтың қарқыны тұрақты өсіп келеді. Өткен жылдың сегіз ай қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 189,4 млн АҚШ долларын құрады. Қазақстаннан Австрияға экспортталатын өнімдер қатарында тантал және одан жасалған бұйымдар, бериллий, хром, германий, ванадий, зығыр тұқымы, балық өнімдері және навигациялық құралдар бар. Ал Австриядан Қазақстанға вакциналар мен дәрі-дәрмек, ортопедиялық бұйымдар мен протездер, құрылыс материалдары мен жабдықтар, автокөлік техникасы және азық-түлік өнімдері импортталады.
Кездесу соңында тараптар өнеркәсіптік кооперацияны кеңейтуге және жоғары технологияларды бірлесіп енгізуге дайын екендіктерін растады.
Фото: Жібек Нұрахмет
Видео: Евгений Щетников











