«Бір ел – бір кітап» акциясы: биыл оқылатын кітап – Қабдештің «Тағдыры»
Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясының қорытындысына арналған комиссия отырысы өтті. Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, журналистер мен кітапхана басшылары қатысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Комиссия отырысында 2025 жылғы акцияның нәтижелері талқыланып, 2026 жылы ел бойынша оқылатын кітап анықталды. Жабық дауыс беру қорытындысы бойынша көрнекті қаламгер Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» атты тарихи романы таңдалып алынды.
Сонымен қатар қатысушылар назарына кітапхана мамандары әзірлеген заманауи форматтағы мета-көрме ұсынылды. Көрме акцияның мазмұны мен маңызын жаңа технологиялар арқылы таныстырады.
Айта кетейік, «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы 2007 жылы ұлы Абайдың қара сөздерін оқудан бастау алған. Осы уақытқа дейін 53 классик ақын-жазушының шығармалары кеңінен насихатталып, елімізде 100 мыңнан астам мәдени-ағартушылық іс-шара ұйымдастырылды.