Жаңаөзенде ауруханада дәрігер пышақталып көз жұмды
pixabay.com
Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында қайғылы оқиға болды. 28 қаңтар күні түстен кейін қалалық аурухананың дәлізінде 29 жастағы дәрігер-терапевтке пышақпен шабуыл жасалып, ол алған ауыр жарақатынан көз жұмды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, шабуыл дәрігердің кәсіби қызметіне байланысты болмаған. Куәгерлердің айтуынша, қақтығыс тұрмыстық сипат алған.
Бейресми ақпаратқа сүйенсек, қанды оқиға қызғаныштан туындаған жанжал салдарынан болуы мүмкін. Шабуыл жасаған күдікті мұнай саласында жұмыс істейді, ал оның жұбайы сол ауруханада медбике болып қызмет атқарады. Қазір бұл деректер тексеріліп жатыр.
Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, күдікті өз еркімен полицияға келіп, қылмысын мойындаған. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.