Елімізде балаларды психологиялық диагностикалау бойынша цифрлық платформа құрылады
«Қазақстан балалары» 2026-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру аясында елімізде балаларды психологиялық диагностикалау және сүйемелдеу бойынша бірыңғай цифрлық платформа құру жоспарланып отыр. Жоба балаларға қатысты қауіп-қатерлерді ерте кезеңде анықтауға, психологиялық көмектің қолжетімділігін арттыруға және бала құқығын қорғау жүйесінде педагог-психологтардың рөлін күшейтуге бағытталған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жаңа платформа психологиялық және мінез-құлықтық тәуекелдерді жүйелі түрде анықтауға, баланың психоэмоциялық жағдайының өзгерісін бақылауға, сондай-ақ қолдауды қажет ететін балаларды үздіксіз әрі нысаналы түрде сүйемелдеуге мүмкіндік береді. Процестерді цифрландыру балаларға көрсетілетін көмектің бірыңғай бағытын қалыптастырып, ведомстволар арасындағы функциялардың қайталануын болдырмауға және мамандарға түсетін кәсіби жүктемені азайтуға жағдай жасайды.
Жалпы алғанда, «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы педагог-психологтар институтын нығайтуға және балалардың психологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жүйені кешенді түрде дамытуға бағытталған.
Аталған тұжырымдама аясында келесі шараларды іске асыру көзделіп отыр: білім беру ұйымдарында балалардың әлеуметтік-эмоциялық дағдыларын дамытуға бағытталған педагог-психолог сағатын енгізу; зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға арналған көмек кабинеттерін ашу; педагог-психологтарға арналған бірыңғай кәсіби стандарттар мен біліктілік талаптарын қайта қарау; дағдарыстық жағдайлар мен цифрлық тәуекелдермен жұмыс істеуді қоса алғанда, мамандардың біліктілігін міндетті түрде арттыру; кейс-менеджмент институтын дамыту, бұл ретте педагог-психолог бала мен отбасын кешенді сүйемелдеудің негізгі қатысушысына айналады; ведомствоаралық өзара іс-қимыл шеңберінде, оның ішінде қылмыстық процесс барысында зардап шеккен балалар мен зорлық-зомбылық куәгерлерін сүйемелдеуге психологтардың міндетті қатысуын қамтамасыз ету.
Бұл шараларды іске асыру нүктелік әрекеттерден жүйелі профилактикаға көшуге, педагог-психологтардың мәртебесі мен кәсіби тұрақтылығын арттыруға, сондай-ақ еліміздің барлық өңірлерінде әрбір балаға уақтылы, сапалы және үздіксіз психологиялық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.