Жыл басынан бері 2,7 млн бала мен ата-ана қолдау шараларымен қамтылды
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2025 жылы елімізде балаларға қатысты құқықбұзушылық пен зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытындағы шаралар жүйелі түрде күшейтілді. Бұл жұмыстардың негізгі мақсаты – тәуекелдерді ерте кезеңде анықтау, заңға қайшы іс-әрекеттердің алдын алу және балаларға уақтылы көмек көрсету, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жыл басынан бері балалардың құқықтарын қорғау жүйесі аясында оқыту, кеңес беру және психологиялық қолдау көрсетуді қамтитын профилактикалық бағдарламалар іске асырылып, 2,7 миллион бала, ата-ана және педагог қамтылды. Бұл кешенді шаралар отбасыларға қолжетімді көмек көрсетуді және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейді.
Ағымдағы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстардың азаюы тіркелді. Атап айтқанда, қылмыстық құқықбұзушылықтар саны 2,3%-ға төмендесе, кәмелетке толмағандардың жыныстық қолсұғылмаушылығына қарсы қылмыстар 17,9%-ға азайды. Бұл көрсеткіштер қабылданып жатқан профилактикалық шаралардың тиімділігін көрсетеді.
Профилактикалық жұмыс балаларды, ата-аналарды және педагогикалық қауымдастықты толық қамтып, көмектің қолжетімділігі қағидатына негізделген. Оқу жылының басынан бері еліміздегі барлық балабақшаларда, мектептер мен колледждерде «Жеке қауіпсіздік» тақырыбында 1,4 миллионнан астам сабақ өткізілді. Сонымен қатар психологиялық қолдау орталықтары 35 мыңнан астам азаматқа көмек көрсетіп, «111» байланыс орталығы арқылы шамамен 120 мың бала қолдау алды.
Білім беру ұйымдарында ата-аналарға педагогикалық қолдау көрсету орталықтарының жұмысы да күшейтілді. Жыл басынан бері 33 мыңнан астам сабақ ұйымдастырылып, 1,1 миллионнан астам ата-анаға кеңес берілді. Бұл ата-аналардың жауапкершілігін арттырып, отбасы институтын нығайтуға оң әсерін тигізуде.
Мектептегі буллингтің алдын алуға ерекше назар аударылды. Жаңа оқу жылынан бастап еліміздегі барлық мектептер мен колледждерде «ДосболLIKE» ауқымды антибуллингтік бағдарламасы енгізілді. Аталған бағдарлама балалар арасында өзара сыйластықты қалыптастыруға және зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған.
Буллинг пен зорлық-зомбылықты ерте анықтаудың бірыңғай алгоритмін енгізу ведомствоаралық жедел әрекет етуге жол ашып, 3 мыңнан астам кәмелетке толмаған балаға уақытылы көмек көрсетуге мүмкіндік берді. 2025 жылы зорлық-зомбылықтың, буллингтің және девиантты мінез-құлықтың алдын алу бағытында 17 мыңнан астам педагог арнайы оқытудан өтті.
2023 жылдан бастап елде алғаш рет буллинг пен кибербуллинг үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді. 2025 жылдың басынан бері 404 әкімшілік іс тіркеліп, оның 238-і бойынша айыппұл салынды. Бұл шаралар жазаның бұлтартпастығы қағидатын күшейтіп, білім беру процесіне қатысушылардың жауапкершілігін арттырды.
Сонымен қатар «Заң және тәртіп» жобасы аясында 2025 жылдың қыркүйек айынан бастап Алматы облысының Талғар ауданындағы 10 мектеп пен 3 колледжде құқықтық тәрбие беру және құқыққа қарсы мінез-құлықтың алдын алу сабақтары енгізілді.
Осылайша профилактикалық шаралар, антибуллингтік бағдарламалар, жауапкершілікті күшейту және «Заң және тәртіп» жобасын іске асыру балалардың құқықтарын қорғаудың бірыңғай әрі тиімді жүйесін қалыптастыруға бағытталған. Бұл жұмыс алдағы уақытта «Құқықбұзушылықтардың алдын алу туралы» заң жобасы мен 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасы аясында жалғасын табады.