KZ
Өскемен
-19°
туман Штиль
504.6 594.27 6.48

Биыл ел бойынша 13 мың шақырым автомобиль жолы жөнделді

24.12.2025, 13:00 79 Ержан Әбіш

2025 жылы еліміздің көлік саласында тұрақты өсім байқалып, оң динамика сақталды. Мемлекет басшысының тапсырмалары мен стратегиялық даму жоспарларына сәйкес транзиттік әлеуетті арттыру, логистикалық үдерістерді жетілдіру және көлік қызметтерінің сапасын жақсарту мақсатында ірі инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда. Бұл жыл Қазақстанның көлік желісін жаңғырту және ел экономикасының логистикалық мүмкіндіктерін кеңейту бойынша маңызды кезең ретінде есте қалды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Көлік министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2025 жылы автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстары рекордтық 13 мың шақырым жолды қамтыды. Ең ірі жобалар арасында Қалбатау – Майқапшағай, Ұзынағаш – Отар, Қызылорда – Жезқазған (Қызылорда облысы аумағындағы учаске) бағыттары бар.

Сонымен қатар, Жезқазған – Петропавл және Қарағанды – Қарқаралы республикалық маңыздағы жолдарда орташа жөндеу жүргізілді. Қазіргі уақытта Қызылорда – Жезқазған жолын қайта жаңғырту, Ертіс өзені арқылы көпір салу және басқа да ірі жобалар жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысының бастамасы бойынша алдағы жылы республикалық маңызы бар 10 мың шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары жалғасын табады.

Теміржол саласында 2025 жылы бірқатар ірі жобалар іске асырылды. Ұзындығы 836 шақырым болатын Достық – Мойынты теміржол желісінің құрылысы аяқталды. Бұл Қазақстан – Қытай бағыты бойынша өткізу қабілетін 5 есеге арттырды, транзиттік жүк тасымалдарының өсуіне мүмкіндік берді. Алматы қаласының айналма теміржол желісі жобасы аяқталуға жақын, бұл транзиттік ағынды қайта бөлуге және қаладағы көлік тығынын азайтуға септігін тигізеді. Жаңа теміржол жобаларының қатарында: Мойынты – Қызылжар (323 шақырым), Дарбаза – Мақтаарал (157 шақырым) және Аягөз – Бақты (297 шақырым) желілері бар.

Елдегі 124 вокзалдың 46-сында құрылыс-монтаж жұмыстары биыл толық аяқталады. Вокзал кешендерін жаңғырту сапалы қызмет көрсету мен жолаушылар үшін ыңғайлы инфрақұрылым қалыптастыруға бағытталған.

Ақтау портында контейнерлік хаб құрылысы аяқталып, жүк өңдеу үдерістері жеделдетілді. Бұл қадам Қазақстандық логистиканың халықаралық бағыттардағы бәсекеге қабілеттілігін арттырды және транзиттік мүмкіндіктерді кеңейтті.

Авиация саласында Қазақстан ИКАО стандарттарына сәйкестіктің 95,7%-ын қамтамасыз етті, бұл ТМД және Еуразия өңіріндегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі болып табылады. Ақтау әуежайында ұшу-қону жолағы, рульдеу жолдары және перронның бір бөлігі күрделі жөндеуден өтті. Зайсан, Катонқарағай және Кендірлі аймақтарында жаңа әуежайлар салынып жатыр, ал Павлодар, Балқаш, Арқалық әуежайларында қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бұл шаралар әуе қатынасының өткізу қабілетін арттырып, жолаушыларға қызмет көрсетудің сапасын жақсартуға бағытталған.

2025 жылы жүзеге асырылған барлық жобалар көлік инфрақұрылымын жүйелі дамытуға, елдің транзиттік әлеуетін нығайтуға және логистика саласын жетілдіруге бағытталған. Автомобиль, теміржол, әуе және су көлігін қамтитын кешенді шаралар елдің экономикасына тұрақтылық пен тиімділік әкеліп, Қазақстанды аймақтағы жетекші транзиттік орталыққа айналдыруға мүмкіндік берді.

Келер жылы жоспарланған жобалар мен бастамалар елдің көлік инфрақұрылымын одан әрі дамытуға, халықаралық логистикалық ағындарды ұлғайтуға және азаматтар мен бизнеске көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға бағытталады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу