KZ
Өскемен
-19°
туман Штиль
504.6 594.27 6.48

Денсаулық сақтау министрі ШҚО-дағы бірқатар медициналық нысанды аралады

26.12.2025, 19:30 133 Базарова Айгүл

Шығыс Қазақстанға жасаған жұмыс сапары барысында Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова өңір медицинасындағы маңызды нысандарды аралап, сала тынысымен жақын танысты. Облыстың ірі ауруханаларынан бастап, ауылдағы шағын амбулаторияға дейін денсаулық сақтау саласының даму қарқынын бағамдады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Сапар бағдарламасына Риддер қаласындағы көпбейінді аурухана, Өскемендегі Гематологиялық орталық және жуырда бой көтерген Ахмер ауылындағы дәрігерлік амбулатория енді. Министр үшін басты назар – медициналық көмектің әрбір тұрғынға тең әрі қолжетімді болуы, сондай-ақ ақ халатты абзал жандармен ашық пікір алмасу еді.

Ахмер ауылындағы жаңа амбулатория – ауыл өміріне жаңа леп әкелген нысан. №49 жалпы білім беретін мектептің іргесінде орналасқан бір қабатты заманауи ғимаратта халыққа қажеттінің бәрі бар. Пациенттерді тіркеу мен қабылдаудан бастап, кеңес беру, жедел көмек, әйелдер мен ерлерге арналған тексеру кабинеттері, отбасылық дәрігер мен стоматология, балалар мен ересектерге арналған фильтрлер, егу және дәрігерге дейінгі қабылдау бөлмелері – барлығы алғашқы медициналық көмекті бір жерге тоғыстырған. Сонымен қатар ерте араласу орталығы, физиотерапия, процедуралық кабинет, күндізгі стационар мен зертхана да қарастырылған.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов саланың алға басуы ең алдымен адам капиталына байланысты екенін атап өтті. Оның айтуынша, білікті кадр даярлау – өңірдің басты міндеттерінің бірі. Жыл сайын облыс дәрігерлері жетекші шетелдік клиникаларда тәжірибе жинақтап келеді. Биылдың өзінде 72 маман білімін жетілдірген.

Ақ халатты абзал жандармен өткен кездесуде медицина қызметкерлері өз ойларын ашық айтып, еңбек жағдайы мен күнделікті жұмыс барысында кездесетін түйткілдерді ортаға салды. Денсаулық сақтау министрі мұндай кері байланыстың саланы дамытудың сенімді жолы екенін атап өтіп, жүйелі өзгерістер бірлік пен өзара түсіністік арқылы ғана жүзеге асатынын айтты.

– Ел көлемінде ауылдық денсаулық сақтау жүйесі жаңа белеске көтеріліп келеді. Бүгінге дейін 655 медициналық нысан салынды. Олардың бірқатары қазірдің өзінде халыққа қызмет көрсете бастады. Бұл – Мемлекет басшысының ауылдық медицинаны жаңғырту жөніндегі тапсырмасының нақты жемісі. Ал Ахмер ауылындағы амбулатория – жергілікті атқарушы органдардың бастамасымен жүзеге асқан игі іс. Осындай жұмыстардың өңірлерде жалғасып жатқаны қуантады, – деді Ақмарал Әлназарова.

Жаңа амбулаторияның маңызын ауыл тұрғындары да ерекше ықыласпен қабылдады. 83 жастағы Қадылбек ақсақал ақ батасын беріп, әсіресе, қысқы қытымыр күндерде егде жастағылар үшін ауыл ішінде дәрігердің болуы – үлкен жанашырлық екенін айтты. Ал «Күміс алқа» иегері, көпбалалы ана Қарақат Жанкенова бұл амбулаторияның балалар мен ата-аналар үшін сенімді тірек боларына сенім білдірді.

ШҚО денсаулық сақтау басқармасына қарасты №1 алғашқы медициналық-санитариялық көмек орталығының бас дәрігері Эльмира Омарбекованың айтуынша, барлық құжаттар толық рәсімделген соң амбулатория тұрғындарды қабылдауға толық дайын болады.

– Нысан типтік жоба бойынша салынды және алғашқы медициналық-санитариялық көмек стандарттарына толық сай. Қажетті медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген, – деді ол.

Өңірдің нақты мәселелеріне үңілу, дәрігерлермен бетпе-бет сөйлесу, халық үніне құлақ асу – елдің бас медициналық ведомствосы жұмысының өзегі болып қала береді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да Шығыс Қазақстандағы денсаулық сақтау саласының дамуына серпін бермек.


Дамир Омаров 

Фото: Махаббат Ахметжанова 

Видео: Жәнібек Ырысбай 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу