Шығыс Қазақстанда жаңа аурухана құрылысы аяқталды
Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында 200 төсек орынға арналған стационары мен бір ауысымда 500 адамды қабылдай алатын емханасы бар заманауи көпбейінді ауруханалық кешеннің құрылысы толық аяқталды. Өңір медицинасының жаңа кезеңін айқындайтын бұл ауқымды әлеуметтік нысан қала тұрғындары мен жалпы облыс халқының денсаулық сақтау инфрақұрылымын түбегейлі жаңғыртуға бағытталған. Бұл туралы Altainews.kz тілшісі хабарлайды.
Аурухана кешенінің құрылысы Қазақстан Республикасының «Заңсыз иемделген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңы аясында мемлекетке қайтарылған қаражат есебінен жүзеге асырылды. Бұл бастама – ел игілігіне қызмет ететін әлеуметтік маңызы бар жобаларды қаржыландырудағы нақты нәтижелердің айқын көрінісі.
Жобаның жалпы құны 34,8 млрд теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстарын «Элхон» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізсе, техникалық қадағалау міндетін «T.A.S. BuildGroup» ЖШС, авторлық қадағалауды «Востокмассивпроект» ЖШС жүзеге асырды. Ал жобаны басқару «Жобаларды басқару орталығы» ЖШС-не жүктелді. Құрылыс басталған күннен бастап бөлінген қаражат толық көлемде игерілген. Атап айтқанда, 2025 жылға дейін 22,2 млрд теңге жұмсалып, оның 2,0 млрд теңгесі республикалық бюджеттен, 4,6 млрд теңгесі жергілікті бюджеттен, ал 15,6 млрд теңгесі Арнайы мемлекеттік қор есебінен қаржыландырылды. Бұдан бөлек, 2025 жылы Арнайы мемлекеттік қордан қосымша 12,6 млрд теңге бөлінді.
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жаңа медициналық кешеннің жалпы дайындығымен, материалдық-техникалық базасымен және бөлімшелердің жабдықталу деңгейімен танысты. Министр аурухананың құрылымы мен мүмкіндіктеріне жоғары баға беріп, мұндай кешендердің өңірлерде сапалы әрі қолжетімді медициналық көмекті қамтамасыз етудегі маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, бұл нысан – Риддер қаласы тұрғындарының денсаулығын сақтау мен нығайтуға бағытталған ұзақ мерзімді, стратегиялық инвестиция. Заманауи диагностика, емдеу және оңалту қызметтерінің бір жерде шоғырлануы тұрғындарға күрделі медициналық көмекті өз қаласында алуына мүмкіндік береді.
Жалпы ауданы 40 106,84 шаршы метрді құрайтын ауруханалық кешен үш ғимараттан тұрады. Соның бірі – жалпы ауданы 9 991,2 шаршы метр болатын, төрт қабатты, бес блоктан тұратын емхана ғимараты. Емхана бір мезетте 400 ересек пен 100 баланы қабылдауға арналған. Мұнда заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толық жабдықталған кабинеттер орналасқан. Атап айтқанда, маммографиялық қондырғы, флюорография, цифрлық рентген аппараты, ультрадыбыстық диагностикалық жүйе, автоматты микробиологиялық және биохимиялық талдағыштар, электрокардиограф, ларингоскоп, коагулятор, хирургиялық аспиратор, бу стерилизаторы, сондай-ақ механотерапия, магнитотерапия, электрлік стимуляция және электротерапия аппараттары орнатылған. Денсаулық сақтау министрі, әсіресе, травматологиялық бөлімшенің жабдықталуына және кадрлық қамтамасыз етілуіне ерекше назар аударды.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов атап өткендей, бұған дейін Риддер қаласындағы аурухананың негізгі корпустары, соның ішінде педиатриялық бөлімше, 80 жылдан астам уақыт бұрын салынған. Ал қазіргі жаңартылған кешен заманауи талаптарға толық жауап беретін көпсалалы медициналық мекеме ретінде жұмыс істемек. Мұнда тек Риддер қаласының тұрғындары ғана емес, жақын маңдағы елді мекендердің халқы да сапалы медициналық көмек ала алады.
Кешеннің негізгі бөлігі саналатын стационар ғимараты да бес блоктан тұрады. Жалпы ауданы 29 563,36 шаршы метр болатын бұл нысан толық дайын. Мұнда терапевтік бөлімшеде 63, травматологиялық бөлімшеде 30, балалар бөлімшесінде 23, акушерлік-гинекологиялық бөлімшеде 29, хирургиялық бөлімшеде 27 төсек орын, оңалту, паллиативтік көмек, мейірбикелік күтім және жансақтау бөлімшелері қарастырылған.
Сонымен қатар, кешен аумағында жалпы ауданы 627,76 шаршы метрді құрайтын бір қабатты ас блогы орналасқан. Барлық нысандардың құрылыс-монтаж жұмыстары 100 пайызға аяқталған.
Жаңа ауруханалық кешен тәулік бойы стационарлық медициналық көмек көрсетуге, стационарды алмастыратын ем жүргізуге, паллиативтік көмек пен медициналық оңалту қызметтерін ұсынуға, сондай-ақ амбулаториялық-емханалық қызмет пен алғашқы медициналық-санитарлық көмекті көрсетуге толық мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта нысанды пайдалануға беру үшін қажетті құжаттарды рәсімдеу жұмыстары соңғы сатысында тұр. Барлық рәсімдер аяқталғаннан кейін көпбейінді ауруханалық кешен қала және өңір тұрғындарын қабылдай бастайды.
Фото/видео: Евгений Щетников











