Халық денсаулығы - мемлекеттің назарында: ШҚО-да медициналық мекемелерді жаңғырту жұмыстары жалғасуда
Өскемендегі ең ірі денсаулық сақтау нысандарының бірі – №1 емхана соңғы екі жылда толық жаңғыртудан өтті. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов бүгін медициналық мекемеге барып, атқарылған жұмыстарды көріп, алдағы жоспарлармен бөлісті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, халық денсаулығын қорғау және елдегі медициналық мекемелердің материалдық-техникалық жағдайын жақсарту мәселесіне айрықша басымдық берілуде. Осы стратегиялық бағыт аясында Шығыс Қазақстан облысында денсаулық сақтау саласын жаңғыртуға бағытталған ауқымды әрі жүйелі жұмыс жүзеге асырылып келеді. Атап айтар болсақ, облыстың барлық аудан-қаласындағы емханалар мен ауруханалар, амбулаториялар мен стационарлық мекемелер күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізіліп, заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілуде.
Облыс басшысының жіті назарындағы денсаулық сақтау нысанының бірі – Өскемендегі Әуезов көшесінде орналасқан №1 емхана ғимараты. Қазіргі уақытта бұл медициналық мекемеде ауқымды күрделі жөндеу жұмысы аяқталған.
Айта кету керек, бұл ғимарат 1971-ші жылдан бері күрделі жөндеуден өтпеген. Ағымдағы жұмыстар аясында мұнда инженерлік және электр желілері, радиаторларымен қоса жылыту жүйесі, санитарлық тораптар, терезе және есік блоктары жаңартылды.
Бас дәрігердің айтуынша, №1 емхана облыс орталығындағы ең ірі медициналық ұйымдардың бірі болып табылады. Емханаға 66 мыңнан астам қала тұрғындары тіркелген. 25 мыңға жуық балаға қызмет көрсетеді. Бүгінде мекеме құрылымында 423 қызметкер жұмыс істесе, оның 80-і дәрігер және 228 орта буын медицина қызметкері бар екен.
Бұдан бөлек емхана құрамында диагностикалық қызметтер, күндізгі стационар, call-орталық, отбасылық денсаулық және жастар орталықтары, бейінді мамандар кабинеттері, зертханалық-диагностикалық бөлімше және басқа да құрылымдар жұмыс істейді.
Айта кетейік, былтыр жыл соңында облыс көлеміндегі ірі жобалардың бірі – Риддер қаласындағы 200 орындық аурухананың, бір күнде 500 адамды қабылдай алатын емхананың құрылысы аяқталды. Аймақ басшысы биыл Өскеменде салынып жатқан Гематология орталығының жұмысы да аяқталатынын жеткізді.
«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында облыста барлығы 16 медициналық мекеме бой көтерді. Өңір әкімі Шемонаиха ауданына қарасты Волчанка ауылындағы дәрігерлік-амбулаторияның құрылысы 75 пайызға аяқталғанын, биыл қолданысқа берілетінін атап өтті.
Фото: Артем Жигулин
Видео: Жәнібек Ырысбай













