Рацион жаңартылды: сарбаздар далалық жағдайда қалай тамақтанады?
Әскери қызмет көбіне қолайсыз жағдайларда – полигондарда, алыс аймақтарда және оқу-жаттығу немесе жауынгерлік тапсырмаларды орындау кезінде өтеді. Дегенмен, қандай жағдайда болмасын, әскери қызметшілер киіммен, аяқ киіммен және толыққанды тамақпен қамтамасыз етілуі міндетті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ыстық тамақ ұйымдастыру мүмкін болмаған жағдайда Қарулы күштерде жеке тамақтану рациондары (ЖТР) қолданылады. Олардың үш негізгі түрі бар: жалпыәскери; десанттық-шабуылдаушы әскерлерге арналған; кеме мен катер экипаждарына арналған борттық рацион.
ЖТР әскери қызметшілерге жол үстінде, оқу-жаттығулар кезінде, полигондарда, әскери бөлімдерден алыс орналасқан бөлімшелерде, сондай-ақ төтенше жағдайлар мен табиғи апаттар аймақтарында беріледі.
Рацион жеті күнге есептелген және құрамында: галеттер; ет консервілері; паштет; жылқы етінен жасалған сүрленген өнімдер; балқытылған ірімшік; қоюлатылған сүт; шоколад; кептірілген жемістер; шай, кофе, қант және тұз бар.
Орташа энергетикалық құндылығы тәулігіне шамамен 4170 килокалорияны құрайды. Барлық өнімдер ұлттық және мемлекетаралық стандарттарға сай өндіріледі, құрамында генетикалық түрлендірілген ағзалар жоқ. Өнімдер герметикалық қаптамада сақталып, ұзақ уақытқа және сыртқы әсерлерге төзімді.
Сонымен қатар рацион құрамына портативті жылытқыш, су мен желге төзімді сіріңке, суды залалсыздандыру құралдары, майлықтар, бірреттік қасықтар және жиналмалы консерві ашқыш кіреді.
Осындай ұйымдастырылған тамақтану жүйесі әскери қызметшілердің күш-қуат дайындығы мен жауынгерлік қабілетін күрделі және стандартты емес жағдайларда да сақтауға мүмкіндік береді.