Қысқы оқу жылының жауынгерлік әзірлік аптасы өтуде
Өскемен гарнизонының 27943 әскери бөлімінде қысқы оқу кезеңі аясында жауынгерлік әзірлікке бағытталған жоспарлы іс-шаралар белсенді түрде өтіп жатыр. Әскери қызметшілер өздерінің кәсіби шеберлігін арттырып, жауынгерлік міндеттерді орындауға қажетті дағдыларды дамытуды жалғастыруда,- деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жауынгерлік әзірлікті өткізудегі басты мақсат – жеке құрамның әскери дайындығын жетілдіру және бөлімшенің жауынгерлік қабілетін арттыру. Бұл оқу процесінде әскери қызметшілер жауынгерлік әзірліктің жоғары деңгейіне келтіріліп, белгіленген уақытта әскери бөлімге келіп, жауынгерлік есептоп бойынша орындалатын тапсырмаларын пысықтайды.
Дабыл бойынша тексеру кезінде бөлімшелер іс-қимылдарының үйлесімділігіне, әрбір жауынгердің ұрыстағы іс-әрекетін шебер орындауына және өзара байланыс пен басқару мәселелеріне ерекше назар аударылады.
Жеке құрам жауынгерлік әзірлігін үнемі жоғары деңгейде орындау үшін барлық күш-жігерін жұмылдыруда. Бұл шаралар әскери тәртіп пен бірліктің нығаюына ықпал етіп, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің беделін арттыруға өз үлесін қосатыны сөзсіз.
Ақерке Рағызбаева




