KZ
Өскемен
-22°
плотный туман жел 1 м/с, В
505.71 591.43 6.65

Қаңтар ҰБТ-сы: аралық нәтиже жарияланды

19.01.2026, 18:30 272 Базарова Айгүл

2026 жылғы 10 қаңтарда басталған қаңтар ҰБТ-сына қазіргі уақытқа дейін 36 мыңнан астам талапкер қатысты. Олардың 64 пайызы тестілеуді қазақ тілінде тапсырса, 36 пайызы орыс тілін таңдаған. Сондай-ақ, 52 талапкер ҰБТ-ны ағылшын тілінде өтті, деп хабарлайды Altainews.kz.

Ғылым және жоғары білім министрлігі жариялаған ақпаратқа сай, алғашқы аптаның қорытындысы бойынша тестілеуге қатысушылардың 60,3 пайызы шекті балл жинаған. Бес пән бойынша орташа көрсеткіш – 57 балл. Қазіргі таңда ең жоғары нәтиже 131 балды құрап отыр.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлер үшін жасалған қолайлы жағдайлардың арқасында ҰБТ-ға 156 адам қатысқан.

Талапкерлер тест тапсырмаларының мазмұнына қатысты апелляцияны тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде бере алады. Ал техникалық себептерге байланысты апелляциялар тестілеу барысында қабылданады. Апелляция қаралғаннан соң нәтижелер көрсетілген сертификаттар талапкерлердің жеке кабинеттерінде қолжетімді болады.

ҰБТ-ның алғашқы аптасында 94 ереже бұзушылық тіркелді. Оның ішінде 56 талапкер тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тестілеуден шеттетілсе, 38 адам аудиторияда ереже бұзғаны үшін шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Өзге адамның орнына тест тапсыру деректері анықталған жоқ.

Айта кетейік, 2026 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін бейнежазбаларға талдау 31 қазанға дейін жүргізіледі. Егер ережелердің бұзылғаны немесе тыйым салынған заттарды пайдалану фактілері анықталса, тест нәтижелері жарамсыз деп танылады.

Жалпы, қаңтар ҰБТ-сына қатысу үшін 187 мыңға жуық өтініш түскен.



Фото: ҚР ҒжЖБ министрлігі 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу