Жаңа Парламент: «Құрылтай» атауы және депутат саны – сапаға негізделген таңдау
Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы жаңа заң шығару орган мен депутаттар санына қатысты ұстанымын білдіріп, бір палаталы Парламентті қалыптастыруда тарихи сабақтастық пен тиімділікті басты өлшем ету керектігін атап өтті. Президент атап өткендей, мәселе депутаттардың көптігінде емес, олардың сапасы мен жауапкершілігінде, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Президенттің айтуынша, жаңа Парламентке «Құрылтай» атауын беру – тарихи әрі саяси тұрғыдан негізді шешім. Құрылтай ұғымы халқымыздың санасында ел тағдырын шешкен маңызды кеңес, ортақ мәміле алаңы ретінде қалыптасқан. Сондықтан бұл атауды еліміздің саяси жүйесінде аса маңызды мемлекеттік институттың символы ретінде сақтау қажет.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Парламенттің сандық құрамына қатысты да нақты ұстанымын жеткізді. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, депутаттар санын көбейту заң шығару жұмысының сапасын автоматты түрде арттырмайды. Осыған байланысты басты өлшем – сан емес, сапа болуы тиіс.
Президенттің сөзінше, жаңа Парламент елде жүзеге асырылып жатқан ауқымды өзгерістерге заңнамалық тұрғыда пәрменді қолдау көрсетуі қажет. Ол үшін заң шығарушы орган құрамында нағыз отаншыл, кәсіби білімі жоғары, ел мүддесіне адал қызмет ететін азаматтар отыруы маңызды.
– Әлемдегі озық тәжірибелерге қарасақ, бұл үшін депутат санын көбейтудің еш қажеті жоқ. Сондықтан мәселе – санда емес, сапада! Ең бастысы, Парламентте нағыз отаншыл азаматтар – білікті мамандар отыруға тиіс! Жұмыс тобы азаматтардың ұсыныстарын мұқият зерделеп, қызу талқылады. Ақыр соңында Парламенттің мандат саны 145 болуы керек деген байламға келді», - дейді Президент.
Жаңа Парламенттің құрылымы да ықшам әрі нәтижелі болмақ. Атап айтқанда, Парламент Төрағасының үш орынбасары болуы мүмкін, ал тұрақты комитеттердің саны 8-ден аспауы тиіс.
Жалпы алғанда, Президент ұсынған жаңа Парламент моделі тарихи сабақтастықты сақтай отырып, заман талабына сай тиімді әрі сапалы заң шығарушы орган қалыптастыруды көздейді. «Құрылтай» атауы мен 145 депутаттан тұратын құрам – елдің саяси жаңғыруындағы саналы әрі салмақты таңдаудың көрінісі.



