354 мыңнан астам адам жұмысынан айырылуына байланысты төлем алды
2025 жылдың қорытындысы бойынша жұмысынан айырылу жағдайына байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) әлеуметтік төлем алған азаматтар саны 354,2 мың адамды құрады. Оның ішінде 311,9 мың адамға төлем алғаш рет тағайындалған. Жалпы төлем сомасы 130,4 млрд теңгеге жетті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жұмыстан босатылған азаматтар міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табысына қарай 1 айдан 6 айға дейін әлеуметтік төлем алады. Төлем мөлшері жоғалған кірістің 45 пайызына дейін жетіп, МӘСҚ қаражаты есебінен төленеді.
Әлеуметтік төлем тағайындау үшін азамат eGov.kz порталында авторизациядан өтіп, «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөліміндегі «Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу» қызметін таңдауы қажет. Өтінім онлайн түрде толтырылып, электрондық цифрлық қолтаңбамен расталады. Бір күн ішінде тұрғылықты жері бойынша мансап орталығы бос жұмыс орындарын ұсынады. Егер жұмыс табылмаса, үш жұмыс күні ішінде қашықтықтан жұмыссыз мәртебесі беріледі.
Аталған қызметті Электрондық еңбек биржасы (enbek.kz) арқылы да алуға болады. Жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтарға МӘСҚ-тан төлем тағайындау бойынша келісім алу үшін SMS-хабарлама жолданып, келісілген жағдайда төлем автоматты түрде рәсімделеді.
Айта кетейік, МӘСҚ есебінен төленетін бұл әлеуметтік төлем жұмыстан шығу себептеріне қарамастан жүзеге асырылады және азаматты жұмыс іздеу кезеңінде қолдауға бағытталған.