KZ
Өскемен
-19°
туман Штиль
501.02 597.27 6.59

Абайды оқитын қоғам өзін жоғалтпайды

21.01.2026, 14:00 1 284 Төлеуғазы Жансая

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында өткен Ұлттық құрылтайда Абай Құнанбайұлының «Қара сөздерін» ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» деректі мұралар тізіміне енгізу мәселесін көтеріп, бұл бастаманың ел руханияты үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, Абай ілімі – қазақ халқының ұлттық бірегейлігі мен болмысының өзегі.

«Абай ілімі біздің ұлттық бірегейлігіміздің, ұлттық болмысымыздың өзегі болуға тиіс. Оның ой-толғамдары қанша заман өтсе де өзекті болып қала береді. Қазіргі «Адал азамат» тұжырымдамасы ұлы ойшылдың «Толық адам» идеясымен тығыз астасып жатыр. Біз Абайдың «Қара сөздерін» ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» деректі мұралар тізіміне енгізуіміз керек», – деді Президент.

Бұл бастама – тек мәдени мұраны халықаралық деңгейде мойындату ғана емес, сонымен бірге ұлттық сананы жаңғыртуға бағытталған маңызды қадам. Абайдың «Қара сөздері» – адамгершілік, білім, еңбек, әділет, жауапкершілік секілді мәңгілік құндылықтарды терең философиялық тұрғыда зерделеген туынды. Ондағы ойлар бүгінгі қоғам үшін де өзектілігін жоғалтқан жоқ.

Қазақ руханиятының темірқазығы саналатын Абай мұрасы жаһандану, цифрландыру, жасанды интеллект дәуірінде жаңа қырынан қарастыруды талап етеді. Ақпарат ағыны күшейіп, технология күн сайын дамып жатқан заманда Абай айтқан «толық адам» концепциясы, яғни, рухани кемелдікке ұмтылу, білім мен мінездің үйлесімі, адал еңбек ету қағидаттары жастар тәрбиесінде ерекше маңызға ие болып отыр.

Қазіргі таңда Абай еңбектері мектеп бағдарламасында ғана емес, жоғары оқу орындарында, ғылыми-зерттеу орталықтарында жан-жақты зерттеліп келеді. Дегенмен, ұлы ойшылдың мұрасын тек оқып қана қоймай, оны күнделікті өмірде қолдану, заман талабына сай түсіндіру – уақыт талабы.

Осы орайда Altainews.kz тілшісі Абай мұрасының қазіргі қоғамдағы орны, оның идеяларының бүгінгі жастарға ықпалы және «Қара сөздердің» халықаралық деңгейде мойындалуының маңызы туралы ой бөлісу үшін Шәкәрім университеті жанындағы «Абай және ұлттық руханият» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы, филология ғылымдарының кандидаты Ақмарал Төлеуғазықызы Смағұловамен сұхбаттасқан еді.

– Бүгінгі қоғам үшін Абай мұрасының рухани маңызы қандай?

– Абай мұрасы – ұлттық рухани кодтың негізі. Ол тек ақын ғана емес, тұтас бір дәуірдің ғана емес, бүгінгі қоғамның да моральдық бағдарын айқындаған ұлы ойшыл. Абай еңбектерінде көтерілген білімге ұмтылу, еңбекқорлық, адалдық, әділет, жауапкершілік секілді құндылықтар қазіргі әлеуметтік дамудың да басты тіректері болып отыр.

ХХІ ғасыр – технология қарыштап дамыған, жасанды интеллект адамзат өмірінің барлық саласына дендеп ене бастаған кезең. Бұл дәуірде адамның ойлау жүйесі, қарым-қатынасы, танымы мен құндылықтары түбегейлі өзгеріске ұшырауда. Ақпараттың молдығы, цифрлық жылдамдық адамға жаңа мүмкіндіктермен қатар, рухани дағдарыс қаупін де ала келді. Осындай алмағайып заманда қазақ халқы үшін Абай Құнанбайұлының рухани мұрасы – өткеннің ескерткіші ғана емес, осы күннің де, болашақтың да бағыт-бағдарын айқындайтын ой мектебі.

ХХІ ғасыр, жасанды интеллект, цифрлық өркениет – мұның барлығы адамзаттың сыртқы дамуын көрсетеді. Ал ішкі даму, яғни адам болмысының кемелденуі, рухани жетілу мәселесінде Абай айтқан ойлар әлі күнге дейін өзектілігін жойған жоқ. Оның «Толық адам» ілімі – ақыл, жүрек және қайраттың үйлесімін табуға үндейтін әмбебап философия.

Бүгінгі қоғамда материалдық құндылықтар алдыңғы қатарға шыққанымен, рухани тепе-теңдікті сақтау аса маңызды. Абай мұрасы осы тұрғыда адамды өзін-өзі тануға, өз мінезін тәрбиелеуге, қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуге шақырады. Сондықтан да Абай еңбектері тек әдеби мұра ретінде емес, ұлттық сананы қалыптастыратын, ұрпақ тәрбиесіне қызмет ететін өмірлік бағдар ретінде қабылдануы керекті.

– Қазіргі жастар Абайды қалай қабылдауға тиіс?

– Қазіргі жастар Абайды тек мектеп бағдарламасындағы немесе әдебиет тарихындағы классик ақын ретінде ғана емес, өмірлік ұстаз, рухани бағыт-бағдар беретін ойшыл ретінде қабылдауы қажет. Абайдың «Толық адам» ілімі – жастарды өзін-өзі жетілдіруге, жауапкершілікті сезінуге, сыни ойлау мәдениетін қалыптастыруға үндейтін терең философиялық жүйе. Бұл ілім қазіргі заманда жеке тұлғаның қалыптасуы үшін аса маңызды.

Абай іліміне ден қою дегеніміз – ұлы ақынды тек мадақтап, мерейтой сайын еске алу емес, оның идеяларын бүгінгі қоғаммен, жаңа технологиялық дәуірдің талаптарымен сабақтастыра білу. Абайды оқу – ең алдымен өзіңді тану, өз мінезіңе, әрекетіңе, ойлау жүйеңе сын көзбен қарау деген сөз. Осы тұрғыдан алғанда Абай мұрасы әр жасқа жеке жауапкершілік жүктейді.

Абай шығармаларында көтерілген негізгі мәселелердің бірі – адам болмысы. Ақын адамды тек білімді болуға емес, мінезі көркем, ниеті таза, ісі әділетті болуға шақырады. «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста» деген қағида бүгінгі жастар үшін де өзектілігін жойған жоқ. Қазіргі қоғамда білім мен ақпарат көп болғанымен, адамгершілік пен рухани тепе-теңдік жиі ескерусіз қалып жатады. Абай ілімі осы олқылықтың орнын толтыруға бағытталған.

Жастардың бойында кездесетін немқұрайлылық, жалқаулық, уақытты тиімсіз пайдалану сияқты қасиеттерді Абай өз заманында-ақ сынға алған. Оның қара сөздері мен өлеңдеріндегі ойлар бүгінгі әлеуметтік желіге тәуелді, жылдам ақпаратқа үйренген буын үшін ерекше маңызды. Абай адамды терең ойлауға, әр істің мәніне үңілуге, өзін-өзі үздіксіз тәрбиелеуге шақырады.

Абай – тұтас қоғамның дамуына қатысты ой толғаған ойшыл. Ол әділет, адал еңбек, ар-ождан мәселелерін алдыңғы қатарға қояды. Қазіргі жастар Абайды оқу арқылы қоғам алдындағы жауапкершілігін тереңірек сезіне алады. Сыбайлас жемқорлық, немқұрайлы көзқарас, жеңіл жолмен табыс табуға ұмтылу сияқты кеселдерге қарсы Абайдың ойлары нақты рухани иммунитет қалыптастыра алады.

Бүгінгі цифрлық дәуірде жастардың ақпаратты қабылдау форматы түбегейлі өзгерді. Сондықтан Абай еңбектерін заманауи форматта насихаттау аса маңызды. Ұлы ойшылдың идеяларын цифрлық платформаларда, подкасттар мен қысқаметражды бейнероликтер арқылы, AR/VR жобалар, интерактивті қосымшалар көмегімен таныстыру жастардың қызығушылығын арттыра алады.

Сонымен қатар әлеуметтік желілердегі креативті, мазмұнды контент, интерактивті сабақтар мен пікірталас алаңдары Абай мұрасын жаңа буынға жақындата түседі. Мысалы, Абай қара сөздерін бүгінгі өмірмен байланыстырып талдайтын онлайн курстар, челлендждер мен ашық пікірталастар жастардың ойлау белсенділігін арттыра алады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлы бабалардың өсиеттерін олардың мерейтойлары кезінде ғана еске алу дұрыс емес екенін бірнеше рет атап өтті. Осыған байланысты Президент Әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи және Абай ілімдерін жан-жақты дәріптейтін ғылыми жиындарды, зерттеулер мен ағартушылық жобаларды тұрақты түрде өткізіп тұруды тапсырды.

«Бұл басқаға емес, ең алдымен өзіміз үшін керек. Олардың мұралары – біздің рухани-философиялық болмысымыздың тірегі. Еліміздің гуманитарлық институттары ұлы ойшылдарымыздың ілімін жүйелі түрде насихаттағаны жөн. Басты міндет – халқымыздың баға жетпес қазынасы – ұлттық мұрасын сақтап, оны келер ұрпаққа аманаттау», – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев ғылыми мекемелер жүргізіп жатқан зерттеулердің нәтижелері онлайн платформалар арқылы көпшілікке бірдей қолжетімді болуы керектігін атап өтті. Бұл – ғылым мен білімді ашық етуге бағытталған маңызды қадам. Абайтану саласындағы заманауи зерттеулердің цифрландырылуы, ашық дерекқорлардың құрылуы жастардың ғылыми ізденіске қызығушылығын арттырады.

Қазіргі жастар Абайды өткеннің ғана емес, бүгін мен болашақтың ойшылы ретінде қабылдауы керек. Абай мұрасы – жеке тұлғаның рухани кемелденуіне, қоғамның әділетті дамуына қызмет ететін сарқылмас қазына. Оны түсіну, қабылдау және өмірде қолдану – әрбір жастың азаматтық әрі рухани парызы.

– Цифрлық дәуір мен жасанды интеллект жағдайында Абай идеялары қалай көрініс табады?

Цифрлық дәуір мен жасанды интеллект кеңінен дамыған қазіргі заманда Абай идеялары мүлде жаңа қырынан көрініс табады. Жасанды интеллект орасан зор ақпаратты өңдеп, мәтін жазып, сурет салып, күрделі есептерді секундтар ішінде шығара алады. Алайда ол моральдық жауапкершілік арқаламайды, ар-ождан таразысына салып шешім қабылдамайды, рухани таңдау жасай алмайды. Дәл осы тұста Абайдың «толық адам» ілімі бұрынғыдан да өзекті бола түседі. Себебі технология қаншалықты дамыса да, адамды адам ететін негізгі қасиеттер – ақыл, жүрек, әділет пен жауапкершілік тек тірі саналы тұлғаға ғана тән.

Абай үшін адам болмысының өзегі – рухани кемелдену. Цифрлық технологиялар өмірді жеңілдетіп, уақытты үнемдегенімен, адамгершілік қасиеттерді автоматты түрде қалыптастыра алмайды. Керісінше, ақпараттың шамадан тыс көптігі, виртуалды әлемге тәуелділік, жалған бедел мен жасанды құндылықтар жастардың санасын әлсіретуі мүмкін. Осындай жағдайда Абайдың ойлары рухани бағдаршам қызметін атқарады. Ол адамды тек білімді немесе табысты болуға емес, ең алдымен арлы, әділетті, жауапкершілігі жоғары тұлға болуға үндейді.

Жасанды интеллект дәуірінде ең қауіпті мәселе – адамның ойлау қабілетін машиналарға толықтай тапсырып қою қаупі. Абай болса, адамды үнемі ойлануға, өз-өзіне есеп беруге, «неге бұлай?» деген сұрақты қоюға шақырады. Бұл – сыни ойлау мәдениетінің негізі. Бүгінгі жастар үшін Абай мұрасы цифрлық технологияларды саналы пайдалану, ақпаратты сүзгіден өткізу, жалған мен шындықты ажырата білу қабілетін қалыптастыруда аса маңызды.

Сонымен қатар, Абай көтерген еңбек, адалдық, ниет тазалығы ұғымдары цифрлық экономика жағдайында да өз маңызын жоймайды. Онлайн кеңістікте де әділетсіздік, плагиат, жалған ақпарат тарату сияқты мәселелер бар. Осындай ортада Абайдың «адам бол» деген қарапайым, бірақ терең өсиеті жастарды технологиялық мүмкіндіктерді ар-ожданмен ұштастырып қолдануға тәрбиелейді. Цифрлық дәуірде табысқа жету тек техникалық дағдымен емес, ішкі мәдениетпен, жауапкершілікпен және адамгершілікпен өлшенуге тиіс.

– Абай шығармалары бүгінгі әлеуметтік мәселелерге әсер ете ала ма?

– Әрине, Абай шығармалары бүгінгі қоғамдағы көптеген әлеуметтік мәселелермен тікелей үндеседі. Ол өз заманында жалқаулықты, немқұрайдылықты, надандықты, мансапқорлық пен пайдакүнемдікті аяусыз сынға алды. Бұл құбылыстар уақытпен бірге жоғалып кеткен жоқ, керісінше жаңа формада бүгінгі қоғамда да көрініс тауып отыр. Сондықтан Абайдың сыны белгілі бір тарихи кезеңге ғана емес, адам табиғатына бағытталған әмбебап сын деуге болады. Оның ойлары қоғамды сырттан емес, іштен өзгертуге, әр адамды алдымен өз-өзіне сын көзбен қарауға шақырады.

Абай қоғамның басты дерті ретінде надандықты алға қояды. Ол білімсіздікті тек оқымаумен шектемей, ойланбау, өз-өзіне есеп бермеу, жеңіл жолды таңдау сияқты мінездермен байланыстырады. ХХІ ғасырда білім мен ақпарат қолжетімді болғанымен, надандықтың басқа түрлері пайда болды: үстірт ойлау, жалған ақпаратқа сену, жауапкершіліктен қашу. Бұл тұрғыдан алғанда Абайдың ескертулері бүгінгі күн үшін бұрынғыдан да өзекті. Ол адамды тек қоғамды кінәлауға емес, өз бойындағы әлсіздіктермен күресуге үндейді.

Абай сынаған жалқаулық та бүгінгі күні тек физикалық әрекетсіздік емес, рухани және интеллектуалдық жалқаулық ретінде көрініс табады. Өз ойыңды дамытпау, дайын пікірге еріп кету, терең талдаудан қашу – мұның бәрі Абай айтқан кеселдердің заманауи көрінісі. Ақынның ойынша, адам өзін үнемі тәрбиелеп, жетілдіріп отырмаса, қоғам да ілгерілемейді. Сондықтан Абай мұрасы әлеуметтік проблемаларды шешудің түп-тамыры жеке тұлғаның жауапкершілігінде екенін көрсетеді.

Абайдың қара сөздерін бүгінгі тілмен айтқанда рухани-этикалық кодекс, адамгершілік навигация деуге болады. Ол адам мен қоғам арасындағы қарым-қатынастың моральдық өлшемдерін айқындайды. Ойшылдың он тоғызыншы қара сөзіндегі «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» деген тұжырымы қазіргі meritocracy, яғни еңбек пен қабілетке негізделген қоғам қағидаларымен толық үйлеседі. Бұл ой бүгінгі әлеуметтік әділеттілік, тең мүмкіндік, адал бәсеке сияқты ұғымдардың рухани негізін ашады.

– Қоғамға қандай үндеу айтар едіңіз?

– Қоғамға айтар ең басты үндеу – Абайды мерейтойлық даталармен ғана шектемей, күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналдыру. Абайды оқу – тек кітап парақтау емес, өз ойыңмен, ар-ұятыңмен бетпе-бет келу. Оның әр сөзі адамға бағыт-бағдар беретін рухани компас іспетті, ал тұтас мұрасы – ұлттың ішкі тірегі, сананы сергек ұстайтын рухани иммунитет. Абайды таныған қоғам рухани тұрғыдан әлсіремейді, ал Абайды терең түсінген ұлт қандай заман, қандай сын келсе де өзін жоғалтпайды.

Абай бізді өзгеден мін іздеуге емес, өзімізге үңілуге шақырады. Ол қоғамды сынаудан бұрын, жеке адамның өзін түзетуін талап етеді. Себебі қоғам дегеніміз – абстракт ұғым емес, ол әрқайсымыздың мінезімізден, ісімізден, ниетімізден құралады. Егер әр адам өз бойындағы жалқаулықты, немқұрайдылықты, даңғойлық пен жауапсыздықты жеңе алса, қоғам да табиғи түрде өзгереді. Абай осы қарапайым, бірақ ауыр шындықты бетке айтады.

Бүгінгі күнде көп жағдайда өзгерісті сырттан, биліктен, жүйеден күтеміз. Ал Абай болса, нағыз өзгеріс адамның ішкі әлемінен басталатынын ескертеді. Ол бізден жоғары талап қояды: ақылды болумен қатар, арлы болуды, білімді болумен қатар, мінезді болуды сұрайды. Бұл – кез келген қоғам үшін ең қиын, бірақ ең дұрыс жол.

Сондықтан «Абай және біз» деген сұрақтың жауабы ойландырарлық әрі ащы. Абай бізге жетпей жатыр дегеннен гөрі, шындық мынада: біз әлі Абай деңгейіне толық жете қойған жоқпыз. Оның ой тереңдігіне, моральдық биігіне, адамға қоятын талабына әлі де өсуіміз керек. Абайды оқу – өзіңді ақтау үшін емес, өзіңмен күресу үшін қажет. Осыны түсінген күні ғана Абай сөзі құр ұран емес, өмірлік ұстанымға айналады.




Сұхбаттасқан

Жансая Төлеуғазы

Фото: Абайдың «Жидебай-Бөрілі» қорық-музейі

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу