Шығыс Қазақстанда мал жаю қағидалары қатаңдатылды
Шығыс Қазақстанда бақылаусыз мал жаю мәселесі өзектілігін жоғалтпай отыр. Қараусыз тас жолға шығатын жануарлардың салдарынан апаттық оқиғалар жиі тіркеліп, адам өміріне қауіп төндіруде, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Төрт түліктің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары кезінде негізгі проблема – мал иелерін анықтау. Көп жағдайда жануарларда сәйкестендіру белгілерінің болмауы салдарынан олардың нақты иесін табу мүмкін болмай жатады. Бұл жағдай жауапкершіліктен жалтаруға, сондай-ақ құқықтық даулардың туындауына себеп болады.
Қараусыз жайылып жүрген мал – бұл, ең алдымен, мал иелерінің өз меншігіне жауапсыз қарауының, жануарларды күтіп-баптау бойынша қойылатын талаптардың сақталмауының салдары.
Жаңартылған қағидаларға сәйкес ауыл шаруашылығы жануарларын жаюға бірқатар жағдайларда жол берілмейді. Атап айтқанда, науқас жануарларды, міндетті ветеринариялық рәсімдерден, оның ішінде вакцинациядан өтпеген малды жаюға тыйым салынған. Сондай-ақ, жануарларды жалпыға ортақ пайдаланылатын жерлерде, теміржол және автомобиль жолдарының бөлінген белдеулерінде, су қорғау аймақтары мен санитарлық қорғау аймақтарының шекараларында жаюға болмайды. Сәйкестендіру белгілері жоқ малды жаю да қатаң түрде шектелген. Бұл туралы ақпаратты ШҚО ауыл шаруашылығы басқармасы жариялады.
Ережелерде малды айдауға қатысты талаптар да нақтыланған. Жануарларды иесінің немесе уәкілетті тұлғаның еріп жүруінсіз жайылымға дейін және кері қарай айдауға, сондай-ақ тәуліктің қараңғы уақытында бақылаусыз айдауға рұқсат етілмейді. Теміржолдар мен автомобиль жолдарынан малды арнайы бөлінген орындардан тыс өткізуге, жеткіліксіз көріну жағдайларында айдауға тыйым салынады. Сонымен қатар, қоғамдық шомылу орындарында, су айдындарында және жалпы пайдаланымдағы су қабылдағыштарда мал суаруға жол берілмейді.
Адамдардың еріп жүруінсіз қозғалып жүрген ауыл шаруашылығы жануарлары қараусыз деп есептеледі. Мұндай мал иесі анықталғанға дейін уақытша ұстау орындарына қамалуға тиіс. Қараусыз қалған жануарларды ұстау, қайтару тәртібі және иелерінің жауапкершілігі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 246-бабына сәйкес реттеледі.
Жайылымдарда мал жаю жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарға сәйкес жүзеге асырылады. Бұл жоспар ауданның немесе облыстық маңызы бар қаланың жергілікті өкілді органы тарапынан бес жыл мерзімге бекітіледі. Сонымен қатар қағидаларда бір адамға тиесілі мал жаю жүктемесінің нақты нормалары белгіленген.
Аталған талаптарды бұзу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғады. «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 408-бабына сәйкес мал жаю қағидаларын бұзу ескертуге немесе үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға негіз болады. Ал бұл әрекеттер жеке тұлғалардың денсаулығына немесе мүлкіне зиян келтірсе, айыппұл мөлшері он айлық есептік көрсеткішке дейін өседі.
Сонымен бірге «Ветеринария туралы» ҚР Заңының 25-бабында ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жеке және заңды тұлғалардың міндеті ретінде айқындалған. Ал Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 406-бабының 5-тармағында бұл талапты орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Фото: ШҚО ПД