Қазақстанда 596 медициналық нысанның құрылысы аяқталды
Фото: depositphotos.com
Қазақстанда ауылдық өңірлердің тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы жалғасуда, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес іске асырылып жатыр және үш негізгі бағытты қамтиды, атап айтқанда, ауылдық елді мекендерді медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) ұйымдарымен қамтамасыз ету, ауыл тұрғындарына шұғыл көмек көрсету, ауылдық денсаулық сақтау нысандарының кадрлық әлеуетін нығайту.
Ұлттық жоба аясында 655 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысаны – медициналық, фельдшерлік-акушерлік пункттер және дәрігерлік амбулаториялар салу көзделген.
Бүгінгі таңда 596 нысанның құрылысы аяқталды. Оның ішінде 387-сі ескірген ғимараттардың орнына, ал 209-ы бұрын медициналық инфрақұрылымы болмаған елді мекендерде тұрғызылған. Қалған 59 нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, жоба шеңберінде 32 аудандық орталық аурухана жаңғыртылып, ауылдық өңірлер үшін 1100-ден астам медицина қызметкерін даярлау қарастырылған.