Облыста «Шығыс маманы» бағдарламасы аясында биыл 45 квота бөлінді
Шығыс Қазақстан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметі бойынша, өңірде кадр әлеуетін нығайту және білікті мамандарды тұрақтандыруға бағытталған «Шығыс маманы» тұрғын үй бағдарламасы жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. 2024–2025 жылдары бағдарлама аясында 46 маман жеке баспаналы болды. Айта кетейік, биыл байқауға білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және төтенше жағдайлар саласының мамандары да қатыса алады, деп хабарлайды Altainews.kz.
Бағдарлама 2024 жылы «Отбасы банк» АҚ-пен жасалған ынтымақтастық туралы №1 келісім шеңберінде іске қосылды. Алғашқы кезеңде жылу өндіруші және жылу тасымалдаушы ұйымдардың қызметкерлеріне тұрғын үй сатып алуға қолдау көрсетілді. Нәтижесінде 50 өтінімнің ішінен 17 маман жеңімпаз деп танылып, баспанамен қамтылды.
2025 жылдан бастап жоба «Шығыс жұмыскер» атауымен жалғасып, үш кезеңге бөлінді.
Бағдарламаның I кезеңінде мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындар арасында өткізілген конкурс нәтижесінде 10 қызметкер тұрғын үй сатып алды.
II кезең 2025 жылдың қазан айында өтті. Оған жылумен және сумен жабдықтау саласында қызмет көрсететін табиғи монополия субъектілерінің 114 мамандығы бойынша 33 қызметкер қатысты. Комиссия шешімімен 19 қатысушы жеңімпаз атанып, өз баспанасына ие болды.
Осылайша, екі жыл ішінде 46 маманның тұрғын үй мәселесі шешілді.
Бағдарламаның III кезеңін іске асыру 2026 жылдың I тоқсанына жоспарланып отыр. Бұл кезеңде білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және төтенше жағдайлар саласының мамандары қатыса алады. Алдын ала белгіленген квота — 45 адам.
Аймақта жүзеге асырылып жатқан «Шығыс маманы» бағдарламасы әлеуметтік маңызы бар салалардағы кадр тапшылығын азайтып, мамандарды өңірде тұрақтандыруға ықпал етуде.