Қарулы күштер басшылығы тәрбие жұмыстарының мазмұнын жаңартпақ
Қарулы күштердің басшылығы сарбаздардың әскери-патриоттық тәрбиесін күшейту, әлеуметтік қолдау шараларын іске асыру және әскердің беделін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қарулы күштер ардагерлерімен кездесуде Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, генерал-майор Асқар Мұстабеков Президент тапсырмасына сәйкес Қарулы күштерде тәрбие және идеологиялық жұмысты, әсіресе жастардың әскери-патриоттық тәрбиесін күшейту бағытында жүйелі шаралар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Ол қазіргі күрделі әскери-саяси жағдайда ардагерлердің кәсіби тәжірибесі мен өмірлік даналығының маңызы ерекше екенін айтты.
Кездесу барысында әскери қызметшілерді әлеуметтік қолдау шаралары да сөз болды. Атап айтқанда, далалық төлемдерді қайта енгізу, азық-түлік үлесінің құнын арттыру, сондай-ақ әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне демалыс орнына барып-қайту үшін теміржол көлігімен тегін жүру мүмкіндігін қарастыру мәселелері көтерілді.
Сонымен бірге 2025 жылы қабылданған жастармен әскери-патриоттық жұмыс жүргізуге бағытталған нормативтік-құқықтық актілерге ерекше назар аударылды. Қазіргі уақытта бұл бағытта республикалық үйлестіру кеңесі, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар бірлесіп жұмыс істеуде.
Кездесуге қатысушылар әскери-патриоттық тәрбие тәжірибеге негізделіп, мазмұны жағынан жаңартылуға тиіс және цифрлық ортада белсенді жастардың қызығушылықтарына сай болуы қажет деген ортақ пікірге келді. Сондай-ақ бұл салада формализмге жол бермеу керектігі атап өтілді.
Ардагерлер мен министрлік басшылығы Қарулы күштердің беделін арттыру және қоғам сенімін нығайту мақсатында өзара іс-қимылдың жаңа форматтарын енгізу, ақпараттық жұмысты жандандыру және заманауи коммуникациялық арналарды кеңінен қолдану қажеттігін қолдады.