KZ
Өскемен
-8°
пасмурно жел 2 м/с, СБ
505.17 599.54 6.59

ШҚО әкімі ескертусіз Риддер қаласының жылу жүйесін тағы бір мәрте тексеріп қайтты

19.01.2026, 15:30 144 Базарова Айгүл

Нұрымбет Сақтағанов Риддер қаласындағы ЖЭО-ның жұмысын тексеріп, бұған дейін әлеуметтік желілерде жылу мәселесіне қатысты шағым айтқан тұрғындардың үйлеріне барды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Облыс әкімі Риддер қаласындағы жылу электр орталығына алдын ала ескертусіз барып, нысанның қазіргі жағдайымен танысты. Сондай-ақ, тұрғындардың өтініші бойынша бұған дейін жылумен қамтуға қатысты мәселе көтерілген бірқатар көпқабатты тұрғын үйді аралады.

Қазіргі таңда ЖЭО-да №2, 3, 4, 5 және 6 қазандықтар жұмыс істеп тұр, ал №1 қазандық резервке қойылған. Станция қалыпты режимде жұмыс істеуде, қалаға жылу беру тұрақты әрі үздіксіз жүзеге асырылып жатыр.

Тұрғын үйлерді аралау барысында аймақ басшысы ішкі инженерлік желілердің жағдайына ерекше назар аударды. Себебі, басқа үйлерде жүргізілген тексерістер кезінде жылу құбырлары мен радиаторлардың бітелуі анықталған. Кейбір тұрғын үйлерде қысымды дұрыс реттеу қажеттілігі байқалды. Дегенмен үйлерге берілетін жылу тасымалдағыштың температурасы жеткілікті, кері желіде де жылу бар екені белгілі болды. Анықталған барлық мәселелер бойынша жауапты қызметтерге нақты тапсырмалар беріліп, олардың орындалуы жеке бақылауға алынды.

Сонымен қатар, Нұрымбет Сақтағанов 2023–2025 жылдары станцияда жүргізілген жөндеу және жаңғырту жұмыстарының нәтижелерін атап өтті. Бұл жұмыстар техникалық тұрғыда да, экономикалық жағынан да айтарлықтай оң нәтиже берген. Атап айтқанда, ашық тарату құрылғыларында электр желілеріндегі шығындар азайтылып, кәсіпорын шығыстары қысқарған. Мердігер ұйыммен бірлесіп, станция мамандары №4 қазандық агрегатына реттеу жұмыстарын жүргізіп, мазут тұтыну нормативтік деңгейге жеткізілді. Ал кешенді тарату құрылғыларын жаңғырту қосалқы жабдықтардың апатты және жалған қорғаныс іске қосылу жағдайларын едәуір төмендетті.

Бұдан бөлек, 2025 жылы ЖЭО электр энергиясын өндіру бойынша оң көрсеткіштерге қол жеткізді. Егер 2023 жылы станция қабылданған кезеңде электр энергиясын өндіру іс жүзінде мүмкін болмаған болса, 2024–2025 жылдары ЖЭО өз қажеттілігін толық қамтамасыз етіп қана қоймай, электр энергиясын сатуға мүмкіндік алды.

Жылу желілерін жөндеу жұмыстарының нәтижелері де оң бағаланды. Желілік суды толықтыру көлемі шамамен екі есеге қысқарып, бұл жылу жүйесіндегі шығындардың азайып, жабдықтардың сенімділігі артқанын көрсетеді.

«Станцияның және қаланың жылумен қамту жүйелерінің жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Барлық мәселелер тұрақты бақылауда», – деп атап өтті Шығыс Қазақстан облысының әкімі.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу