Ауа райының қолайсыздығына байланысты облыс мектептері қашықтықтан оқытуға көшірілді
Шығыс Қазақстан облысы Білім беру басқармасының мәліметінше, 2026 жылғы 19 қаңтарда өңірде сыртқы ауа температурасының төмендеп, үскірік аяздың сақталуына байланысты білім беру ұйымдарының жұмысына уақытша өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды Altainews.kz.
Өскемен және Риддер қалаларында, сондай-ақ Алтай, Марқакөл, Самар, Зайсан, Күршім, Тарбағатай, Ұлан және Шемонаиха аудандарындағы барлық мектептерде бірінші ауысымда оқитын 0–11 сынып оқушылары қашықтықтан оқыту форматына көшірілді.
Аталған шешім оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, денсаулығын сақтау және қолайсыз ауа райы жағдайында жол қозғалысына байланысты қауіп-қатердің алдын алу мақсатында қабылданды. Қашықтықтан оқыту сабақтары белгіленген білім беру платформалары арқылы ұйымдастырылады, оқу тапсырмалары мен қажетті материалдар электронды форматта ұсынылады.
Ата-аналар мен оқушыларға ресми ақпарат көздерін қадағалап, мектеп әкімшілігі тарапынан берілетін нұсқауларды назарға алу ұсынылады.