Туризмге инвестиция 32%-ға өсті: Үкімет Шығыс Қазақстандағы туристік инфрақұрылымға ерекше назар аударды
Қазақстанда туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 32%-ға өсіп, 1,2 трлн теңгеден асты. Бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының туризмді дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын талқылап, саладағы жүйелі мәселелерге тоқталды, деп хабарлайды Altainews.kz.
Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, негізгі көрсеткіштер бойынша тұрақты өсім байқалады. Орналастыру орындарындағы туристер саны 12%-ға артып, 10 млн адамнан асты. Қазақстан Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық туристік индексінде 66-орыннан 52-орынға көтеріліп, алдағы уақытта Топ-50 елдің қатарына ену мақсатын қойып отыр.
Үкімет отырысында Шығыс Қазақстан облысындағы туристік аймақтарды дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Өңірде соңғы уақытта туристер жиі баратын нысандарда коммуналдық қызметтердің жұмысы жолға қойылып, инфрақұрылымды жақсарту бағытында бірқатар нақты шара қабылданған.
Көлік министрлігінің мәліметінше, туристік дестинацияларға қолжетімділікті арттыру үшін Өскемен – Катонқарағай бағыты бойынша автожолдарды жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, Катонқарағай курорттық аймағында әуежай құрылысы аяқталуға жақын, бұл өңірге туристер ағынын едәуір арттыруға мүмкіндік береді.
Үкімет отырысында Олжас Бектенов туризм саласындағы оң өзгерістермен қатар, шешімін күткен түйткілдердің әлі де бар екенін атап өтті.
Ол өткен жылы Президенттің Алакөл маңындағы және басқа да туристік аймақтардағы инфрақұрылым мен сервистің төмен деңгейіне байланысты айтқан сынын еске салды.
Премьер-министрдің айтуынша, соңғы жарты жылда бірқатар өңірде, соның ішінде Шығыс Қазақстанда да, туристік аймақтарда коммуналдық қызметтердің жұмысы жүйеленген.
Үкімет басшысы туристік аймақтарда интернет сапасының төмендігі, санитариялық талаптардың сақталмауы, көлік қатынасының қиындығы, энергия тапшылығы, медициналық және құтқару қызметтерінің жеткіліксіздігі сияқты мәселелерді атап өтті. Сондай-ақ, бағаның қымбаттығы мен қоқыс мәселесіне қатысты туристерден шағымдар көптеп түсіп жатқанын жеткізді.
Осыған байланысты Премьер-министр Жедел үйлестіру кеңесін құруды тапсырды.
Сонымен қатар, Үкімет басшысы туристік маусым басталғанға дейін өңірлерде демалушылар үшін қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау қажеттігін қатаң ескертті.
Фото: ҚР Үкіметі


