Өңірлер 2026 жылы әлеуметтік маңызы бар көкөністер мен жүгері егісін ұлғайтады
Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен көктемгі егіс жұмыстарын даярлау және өткізу мәселелеріне арналған жедел штаб отырысы өтті, деп хабарлайды Altainews.kz ел Үкіметіне сілтеме жасап.
Отырыста Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов 2026 жылы өңірлерде әлеуметтік маңызы бар көкөністердің, ең алдымен картоп пен сәбіздің егіс алқаптарын ұлғайту қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, өткен жылы картоп егісін арттыру бағытында мақсатты жұмыс жүргізіліп, нәтижесінде ұйымдасқан шаруашылықтардағы егіс көлемі 12,5 мың гектарға ұлғайған.
Вице-министр өнім көлемінің нарықтағы баға тұрақтылығына тікелей әсер ететінін атап өтіп, өңірлер түпкілікті егіс құрылымын бекіту кезінде сәбіз егісін кеңейту міндетін ескеруге тиіс екенін жеткізді.
Сонымен қатар, болжамды егіс құрылымында қарақұмық егіс алқаптарын кезең-кезеңімен ұлғайту көзделген. 2026 жылы оның егіс көлемін 10 мың гектарға арттырып, 101 мың гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Өңірлерге белгіленген индикаторларға қол жеткізуді қамтамасыз ету тапсырылды.
Жүгері егісін кеңейтуге де ерекше назар аударылды. Бұл Жамбыл облысында Fufeng Group компаниясының жүгеріні терең өңдеуге арналған жаңа тік интеграцияланған өнеркәсіптік паркін, сондай-ақ Түркістан облысындағы «Қазкрахмал» ЖШС-нің крахмалды сірне өндіру зауытын шикізатпен қамтамасыз ету үшін қажет.
Аталған өндірістердің сұранысын тек оңтүстік өңірлер есебінен өтеу мүмкін еместігі атап өтілді. Осыған байланысты солтүстік үш астық егетін өңірде жүгері егіс алқаптарын әрқайсысында орта есеппен 15 мың гектарға ұлғайту міндеті қойылды.
Ауыл шаруашылығы министрлігі Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығымен және Мемлекеттік сорт сынау комиссиясымен бірлесіп, өңірлерге әдістемелік және технологиялық қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді. Бұл солтүстік өңірлердің климаттық жағдайына бейімделген өсіру технологияларын енгізу және сәйкес сорттарды іріктеу бағытында жүзеге асырылмақ.
Сонымен қатар министрлік жүгері өсіруде практикалық көмек көрсетуге дайын қытайлық компаниямен кездесу өткізді. Қытай тарапы топырақ-климаттық жағдайлары ұқсас өңірлердегі тәжірибесімен бөлісуге, сондай-ақ бейімделген технологиялар мен сорттарды ұсынуға ниетті екенін білдірді.
Отырыста өңірлерде минералды тыңайтқыштарды жөнелту басталғаны да айтылды. Ауыл шаруашылығы министрлігі «Қазфосфат» ЖШС-мен 2026 жылы аммофостың қосылған құн салығын есептемегендегі тоннасына 254 мың теңге деңгейінде баға белгілеу туралы меморандумға қол қойды. Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен шарттар жасасу және жеткізу кестелерін келісу жұмыстары жүргізілуде.
Айта кетейік, 2025 жылы көктемгі егіс және жинау жұмыстарын жүргізу үшін 7 мыңнан астам ауыл шаруашылығы өндірушісіне 501,5 млрд теңге көлемінде кредит беріліп, 7 млн гектардан астам егіс алқабы қамтылған. Қазіргі уақытта Аграрлық кредит корпорациясы арқылы 126 фермерге 17 млрд теңге көлемінде қаржыландыру мақұлданып, тағы 235 өндірушінің 76 млрд теңгеге өтінімдері қаралуда.
Фото: ҚР Үкіметі