ШҚО-да аязға байланысты бірқатар мектепте сабақ онлайн оқыту форматына ауыстырылды
Шығыс Қазақстан облысында ауа райының күрт суытуына байланысты бірнеше ауданның білім беру ұйымдарында оқу процесіне уақытша өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды Altainews.kz.
ШҚО Білім басқармасының мәліметінше, 25 желтоқсан күні ауа температурасының –23 градустан –30 градусқа дейін төмендеуіне байланысты Күршім ауданында 1 және 2 ауысымдағы 0–4 сынып оқушылары қашықтықтан оқыту форматына ауыстырылды. Бұл шешім келесі білім беру ұйымдарына қатысты қабылданды:
Күршім қаласындағы №1, №4, №5 орта мектептері, №3 Күршім гимназиясы, сондай-ақ Ақсуат, Теректібұлақ, Жолнұсқау, Алғабас, Күйген, Мөнекей және Қайыңды орта мектептері.
Сонымен қатар, ауа температурасының –28-ден –32 градусқа дейін төмендеуіне байланысты Алтай ауданындағы мектептерде де оқу форматы уақытша өзгертілді. Атап айтқанда, 1 және 2 ауысымдағы 0–4 сынып оқушылары онлайн оқытуға көшірілді. Бұл шешім «Новокрестьянка бастауыш мектебі», «Соловьев орта мектебі», «Чапаев орта мектебі» және «Михаил Харин атындағы бастауыш мектебіне» қатысты.
Аймақтық білім басқармасы қабылданған шаралар оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылып отырғанын атап өтті. Ауа райы жағдайына байланысты ақпарат қосымша хабарланатын болады.