Бестеректе балалардың өліміне себеп болған жүргізуші 50 млн теңге өтемақы төлейді
Абай облысы Үржар ауданына қарасты Бестерек ауылында төрт баланың өмірін қиған жол-көлік оқиғасы бойынша сот шешімі шықты. Кінәлі деп танылған жүргізуші марқұм балалардың отбасыларына 50 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы төлейтін болды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Сот материалдарына сәйкес, жол апаты кезінде жүргізушінің эпилепсия ұстамасы ұстап, салдарынан көлікті басқара алмай қалған.
Жаза тағайындау барысында сот істі жеңілдететін мән-жайларды ескерді. Атап айтқанда, айыпталушының кінәсін толық мойындауы және асырауында кәмелетке толмаған баласының бар екені назарға алынды. Нәтижесінде жәбірленуші тараптың азаматтық талап-арызы қанағаттандырылып, жауапкерге 50 миллион теңге моральдық шығын өтеу міндеттелді.
Еске салайық, қайғылы оқиға 19 тамыз күні Бестерек ауылында болған. 55 жастағы жүргізуші аулада ойнап жүрген алты баланы көлігімен қағып кеткен. Оқиға орнында екі бала қаза тапты. Тағы бір бала жедел жәрдем көлігінде көз жұмса, 9 жастағы қыз Семей қаласындағы ауруханада қайтыс болды. Қаза болған балалардың екеуі ауылға қыдырып келгені белгілі.