Дәрігерге жеңіл, пациентке ыңғайлы: денсаулық сақтау саласы қалай цифрланбақ?
Денсаулық сақтау жүйесін цифрлық трансформациялау мәселелеріне арналған жұмыс кеңесінде медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру, дәрігерлерге түсетін әкімшілік жүктемені азайту, процестердің ашықтығын қамтамасыз ету және деректерге негізделген тиімді басқару тетіктерін енгізу мәселелері қаралды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің төрағалығымен өткен кеңес барысында медициналық көмектің сапасына тікелей әсер ететін негізгі басымдықтар талқыланды. Атап айтқанда, медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру, дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне түсетін әкімшілік жүктемені азайту, процестердің ашықтығын қамтамасыз ету және деректерге негізделген тиімді басқару тетіктерін енгізу мәселелеріне назар аударылды.
Медициналық қызметтің сапасы мен көлемін жасанды интеллект технологиялары арқылы бақылау жүйесін құру міндеті Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген болатын. Осы бағытта цифрлық трансформация аясында қолданыстағы ақпараттық жүйелерді шоғырландыру, сондай-ақ Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйені (БММАЖ) және медициналық деректердің бірыңғай қоймасы – Smart Data Healthcare платформасын дамыту жоспарланып отыр.
Аталған платформа денсаулық сақтау саласындағы барлық ақпараттық жүйелерден, соның ішінде жекеменшік медициналық ақпараттық жүйелерден мәліметтерді біріктіріп, кешенді талдау, болжау және басқарушылық шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.
Азаматтар үшін бұл өзгерістер медициналық қызметтерді барынша түсінікті әрі қолжетімді етеді. Олар электрондық денсаулық паспортына қол жеткізіп, тағайындауларды, көрсетілген қызметтерді және емдеу тарихын «деректерді пациенттің өзі бақылайды» қағидаты бойынша цифрлық форматта қадағалай алады.
Барлық цифрлық шешімдер QazTech платформасында орналастырылып, eGov жүйесімен біріктіріледі. Бұл азаматтарға артық анықтамасыз және ұзақ кезексіз медициналық қызмет алуға мүмкіндік береді.
Денсаулық сақтау жүйесіндегі маңызды бағыттардың бірі – деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы мақсатта медициналық ұйымдарда пациенттердің нақты келуін тіркейтін faceID тетіктері енгізілген. Қазір бұл растау eGov Mobile қосымшасы немесе биометриялық сәйкестендіру арқылы жүзеге асырылады.
Сонымен қатар «Әлеуметтік әмиян» жобасы аясында азаматтар амбулаториялық деңгейде тегін дәрі-дәрмек алу мүмкіндігіне ие. Жоба 700-ден астам мемлекеттік дәріхананы қамтып отыр. Биыл бұл тетік қосымша төлем жүйесін енгізу арқылы жекеменшік дәріханаларда да қолданылмақ. Бұдан бөлек, медициналық қызметтерге ваучер алу мүмкіндігін іске қосу жоспарлануда.
Цифрлық шешімдер кезең-кезеңімен енгізіледі. Негізгі мақсат – азаматтарға сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсету, сондай-ақ дәрігерлер мен жалпы денсаулық сақтау жүйесіне түсетін жүктемені азайту.