Қазақстандағы қаржы пирамидасын басқарған күдікті елге қайтарылды
Бас прокуратура мен Қаржы мониторингі агенттігінің қызметкерлері Қазақстанның Грузиядағы Елшілігінің көмегімен экономикалық қызмет саласында ауыр қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауапқа тарту мақсатында Қазақстан азаматшасын Грузиядан экстрадициялады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Еліміздің Бас прокуратурасы таратқан ақпаратқа сай, күдікті Астанада «World Busines Consulting» қаржы пирамидасының құрылымын басқарған. Оның желісі 2018-2022 жылдары аралығында Қазақстанның түрлі өңірлерінде азаматтарды алдап, жоғары пайда табу жолын сылтауратып, 6,5 млрд теңгеден астам қаржыны заңсыз тартқан.
Аталған қылмыстық ұйымның бірқатар қатысушысына нақты бас бостандығынан айыру жазалары тағайындалған.
Қылмыс жасағаннан кейін күдікті жасырынып, оған халықаралық іздеу жарияланған.
2025 жылдың қарашасында ол Грузияда ұсталып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге экстрадицияланды.
Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Көрсетілген қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.