Алаяқтықпен 330 млн теңгеден астам шығын келтірген күдікті ұсталды
stock.adobe.com
60-тан астам азаматқа зиян келтірген алаяқ ұсталды. Тергеу деректеріне сәйкес, ол жәбірленушілерге Еуропа, АҚШ және Ұлыбританияға ұзақ және қысқа мерзімді виза рәсімдеп беремін деп уәде еткен, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Бас прокуратураға сілтеме жасап.
Қылмыстық жауапкершіліктен жалтару үшін күдікті жәбірленушілермен жалған несиелік келісімшарттар жасасып, әрекетін азаматтық-құқықтық мәміле ретінде көрсетуге тырысқан.
Алаяқтық салдарынан келтірілген жалпы шығын 330 млн теңгеден асты. Қазіргі таңда күдікті ұсталып, соттың санкциясымен қамауға алынды. Оның іс-әрекеті ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағына сәйкес («аса ірі көлемде жасалған алаяқтық») сараланып отыр.
Қазір барлық жәбірленушілер анықталуда, сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Астана қаласының прокуратурасы алаяқтық үшін 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы және мүлкін тәркілеу көзделгенін еске салды.