Елімізде цифрлық трансформацияны іске асыруға арналған арнайы топ құрылды
Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Үкіметке сілтеме жасап.
Жиында Президент белгілеген тоғыз негізгі бағыт қарастырылды. Олардың қатарында экономиканың нақты секторына, мемлекеттік басқаруға, денсаулық сақтау салаларына жасанды интеллектті енгізу; Жасанды интеллект пен цифрлық трансформация стратегиясын әзірлеу; мемлекеттік қызметтер мен өтініштерді өңдеу процестерін жетілдіру; IT-архитектураны және QazTech ұлттық платформасын жаңарту; киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету; отандық IT стартаптарды қолдау және Smart City-ді дамыту мәселелері бар.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Президент тапсырмаларын орындау жолдарын баяндады.
Оның айтуынша, экономикаға жасанды интеллектті енгізу – басым бағыттардың бірі. Осы мақсатта Үкімет «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-пен бірлесе отырып, еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған өндірістік процестерге жасанды интеллектті енгізу жөніндегі жол картасын әзірлеуде.
Жаңа технологиялар денсаулық сақтау саласында диагноз қоюды дәлдеуге, ем-шара тағайындауға, науқастарды бақылауға және дәрігерлердің күнделікті жұмысын жеңілдетуге мүмкіндік береді. Бұл халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасы мен тиімділігін арттырады.
Отандық стартаптардың Денсаулық сақтау министрлігінің инфрақұрылымына және Бірыңғай медициналық деректер базасына қол жеткізуі – маңызды қадам.
Мемлекеттік қызметтер саласында Aitu ұлттық мессенджері ретінде бекітілуде. Мемлекеттік органдар Аitu-ға көшіріліп, экожүйенің негізгі қатысушылары бірыңғай цифрлық ортаға біріктіріледі. Бұл заманауи, қауіпсіз және ыңғайлы цифрлық ортаны қалыптастырады, онда мемлекеттік қызметтер азаматтарға «бір батырманы басу» арқылы қолжетімді болады. Сонымен қатар еліміздің IT ландшафтының үйлесімділігін арттыру, деректерді қорғау және киберқауіпсіздік шаралары да жүйелі түрде іске асырылады.
«Мемлекет басшысы ЖИ технологияларын барлық салаға енгізудің өзекті мәселелеріне баса назар аударып отыр. Бұл мәселелер жылдам әрі өзара тығыз әрекет ете отырып шешу қажет. Мұндағы мәселе тек ЖИ жұмысының құқықтық негізін жетілдірумен шектелмейді, одан бөлек деректердің шашыраңқылығы, суперкомпьютердің қуатын бөлу бойынша нақты регламенттің болмауы, киберқауіпсіздік, QazTech платформасына толық көшу сынды мәселелер шешімін табу керек. Бұл міндеттердің барлығы еліміздің цифрлық трансформациясы үшін стратегиялық маңызға ие, сондықтан да көрінетін экономикалық тиімділікпен осы жылдың желтоқсан айына дейін орындалуға тиіс»,— деп атап өтті Премьер-министр Олжас Бектенов.
Цифрлық даму министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, ұсынылған тәсілдерді нақтылау тапсырылды. Үкімет жақын арада нақты мерзімі мен нәтижесі бар іс-шаралар жоспарын бекітеді.
Жасанды интеллектіні жедел дамыту және енгізуді бақылау мақсатында Премьер-министрдің өкімімен цифрлық трансформация жөніндегі топ (цифрлық штаб) құрылды.
Бұл топқа Премьер-министрдің орынбасары – Үкімет Аппаратының басшысы, Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттік төрағасы, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі, Президенттің цифрландыру мәселелері жөніндегі кеңесшісі кірді.
Цифрлық штабтың міндеті – шешімдерді жылдам қабылдап, жасанды интеллект технологияларын жедел әрі кең көлемде енгізуді қамтамасыз ету.


