KZ
Өскемен
-27°
туман Штиль
512.16 594.72 6.57

«Таза Қазақстан»: Шығыс Қазақстандағы экологиялық мәдениеттің нақты нәтижелері

16.01.2026, 17:00 148 Базарова Айгүл

Шығыс Қазақстан облысында табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасы жүйелі түрде іске асырылып, 2025 жылы нақты әрі салмақты нәтижелерге қол жеткізілді. Бағдарламаның басты мақсаты – экологиялық ойлауды дамыту, табиғатқа жанашырлықпен қарау дағдыларын қалыптастыру және қоғамды қоршаған ортаны қорғау ісіне кеңінен тарту, деп хабарлайды Altainews.kz.

Өткен жылы өңірде экологиялық бағыттағы 127 іс-шара ұйымдастырылды. Түрлі акциялар, байқаулар мен челлендждер халықтың барлық жас санатын қамтыды. Әсіресе, өсіп келе жатқан ұрпаққа экологиялық тәрбие беруге ерекше көңіл бөлінді. Осы бағытта 17 мектепке дейінгі білім беру ұйымында «Жасыл балабақша» жобасы жүзеге асырылып, интерактивті сабақтар мен ойын бағдарламалары арқылы балалардың табиғатқа деген сүйіспеншілігі мен жауапкершілігі қалыптастырылды.

Жас зерттеушілерді қолдау да назардан тыс қалмады. Аудандық және облыстық «Мен зерттеушімін» байқаулары үздік жас таланттарды анықтап, олардың ғылыми-шығармашылық жұмыстары республикалық деңгейде танылды. Бұл – балалардың экологиялық мәселелерге ерте жастан қызығушылық танытуына берілген үлкен серпін.

Экологиялық білім беру мектеп бағдарламасына да кеңінен енгізілген. Оқушылар «Табиғаттану», «Әлемді тану» пәндері аясында білім алып, «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы бойынша эко-сабақтарға қатысуда. Энергияны үнемдеу, суды тиімді пайдалану, су тазалау тәсілдері мен тамшылатып суару жүйелерін таныстыруға арналған практикалық сабақтарға 86 мыңнан астам оқушы тартылды. Сонымен қатар, 5–8 сынып оқушыларына арналған ProEco байқауы, жас өлкетанушылар мен экологтардың «Табиғатты аяла» форумы мыңнан астам баланы біріктіріп, олардың экологиялық сауаттылығын арттырды.

Білім беру ұйымдарының жетістігі ұлттық деңгейде де жоғары бағаланды. «Үздік экологиялық білім беру ұйымы» ұлттық байқауында Өскемен мен Алтай қалаларының мектептері, сондай-ақ Глубокое, Шемонаиха, Тарбағатай және Марқакөл аудандарының білім беру ұйымдары жеңімпаз атанды.

Абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстары да қарқынды жүргізілді. 2025 жылы өңірде 138 мың көшет отырғызылып, жоспар 119,5 пайызға орындалды. Мемлекеттік орман қоры аумағында 15,9 миллион көшет егілді. Бұл іске қоғамдық ұйымдар мен студенттік экологиялық клубтар белсене атсалысты. Өскемен қаласы мен бірқатар ауданда жасыл аллеялар бой көтеріп, қала климатына бейімделген шырша, терек пен шетен көшеттері отырғызылды.

Тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру бағытында «Үлгілі ауыл» және «Таза аула» байқаулары ұйымдастырылып, таза әрі ұқыпты аумақтар анықталды. Ал дәстүрлі «Парктер шеруі – 2025» табиғатты қорғау акциясы 10 мыңнан астам адамды біріктіріп, ағаш отырғызу, аумақтарды тазалау, құстарға арналған ұялар мен жем салғыштар орнату секілді игі істерге ұласты.

Бизнестің де экологияға қосқан үлесі айтарлықтай. «Парыз» байқауының қорытындысы бойынша «Өскемен ЖЭО» ЖШС ірі кәсіпорындар арасында «Экологияға қосқан үлесі үшін» номинациясында үшінші орынға ие болды. Жалпы, облыс бойынша 150 мыңнан астам тұрғын сенбіліктерге қатысып, 231 техника бірлігі жұмылдырылып, 3,8 мың тонна қоқыс шығарылды. Жүздеген аула, саябақ пен су нысандары тазартылды.

2025 жылдың қорытындысы Шығыс Қазақстанда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған кешенді жұмыстардың өз нәтижесін беріп отырғанын айқын көрсетті. Жасыл аймақтар көбейіп, қоршаған ортаның жағдайы жақсарып келеді. Ең бастысы – балалар, ересектер мен бизнес өкілдері бұл іске бірлесіп атсалысуда. «Таза Қазақстан» бағдарламасы өңірдің тұрақты дамуы мен тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырудың маңызды тетігіне айналды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу