Қазақстанда «Жасыл балабақшалар» саны көбейіп келеді
Елімізде экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен табиғатты аялау идеясын ерте жастан дарыту бағытындағы «Жасыл балабақша» жобасы кеңінен қанат жайып келеді. Бұл бастама «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық қозғалысы аясында жүзеге асырылуда. Бүгінде республика бойынша 156 мектепке дейінгі ұйым осы жоба шеңберінде жүйелі жұмыс жүргізіп отыр, деп хабарлайды Altainews.kz.
Жобаның негізгі мақсаты – жас буынның табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттыру, экологиялық мәдениетті балалық шақтан қалыптастыру және қоршаған ортаны қорғауға деген жеке жауапкершілікті күшейту. «Жасыл балабақша» – бұл тек экологиялық бағыттағы білім беру алаңы ғана емес, сонымен қатар табиғатты аялауға бағытталған өмір салтының алғашқы баспалдағы.
Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытудың жаңартылған үлгілік оқу бағдарламасында экологиялық тәрбиеге айрықша көңіл бөлінген. Балалар табиғи құбылыстармен, өсімдіктер мен жануарлар әлемімен таныса отырып, табиғатқа қамқорлық жасауды үйренеді. Бұл олардың бойында еңбексүйгіштік, жауапкершілік және қоршаған ортаға деген жанашырлық қасиеттерін дамытады.
Мектепке дейінгі білім департаментінің директоры Манар Адамованың айтуынша, экологиялық тәрбие балалардың жас ерекшеліктеріне сай ұйымдастырылады және олардың табиғат туралы түсініктерін кеңейтуге бағытталған.
Кіші жастағы балаларға экологиялық тәрбиені «Қоршаған ортамен таныстыру» бағыты арқылы беру көзделген. Бұл сабақтар табиғат туралы бастапқы ұғымдарды қалыптастырып қана қоймай, балалардың бақылау жасау, салыстыру және қорытынды шығару қабілеттерін дамытады.
Сонымен қатар экологиялық бағыттағы жұмыс білімнің басқа да салаларымен тығыз байланыста жүргізіледі. Мысалы, «Көркем әдебиет» арқылы табиғат туралы шығармалар оқылып, «Сурет салу» мен «Музыка» сабақтарында табиғаттың сұлулығы мен үйлесімін сезіну дағдылары қалыптасады. Ал «Сөйлеуді дамыту» және «Математика негіздері» сабақтарында табиғи ортадағы құбылыстар мен сандарды байланыстыру, логикалық ойлау қабілеттерін жетілдіру көзделген.
Бүгінде көптеген балабақшаларда балалардың қатысуымен гүл мен ағаш отырғызу, сенбіліктер ұйымдастыру, қалдықтарды сұрыптау және экологиялық бұрыштар жасау сияқты іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Мұндай тәжірибелер бүлдіршіндерге қоршаған ортаны қорғаудың нақты тәсілдерін үйретіп, экологиялық сана қалыптастыруға мүмкіндік береді.
«Жасыл балабақша» жобасы – табиғатты қорғау мәдениетін мектепке дейінгі жастан бастап қалыптастырудың тиімді жолы. Бұл бастама ертеңгі күннің экологиялық сауатты, жауапкершілігі жоғары азаматтарын тәрбиелеуге бағытталған.