KZ
Өскемен
-17°
туман жел 1 м/с, С
498.65 589.06 6.49

Асыл тұқымды мал сатып алуға 6 пайыздық несие берілуі мүмкін

19.01.2026, 16:00 139 Ержан Әбіш

Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген Мал шаруашылығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасын қараған жиын өткізді. Кешенді жоспар мал басын өсіруге, өнімділікті арттыруға және экспорттық әлеуетті кеңейтуге бағытталған мемлекеттік қолдау шараларын қамтиды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, мал шаруашылығы ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 39%-ын құрайды. Ірі қара мал басының 2,4%-ға, ұсақ мал басының 1,6%-ға өсуі байқалады. Сүт өндірісі 5% өсіп, шамамен 3,8 млн тоннаны құрады, ет өндірісі – 1,2 млн тонна, бұл өткен жылғы деңгейден 2,6%-ға жоғары. Дегенмен, жалпы өнімнің жыл сайынғы өсімі 2–3% деңгейінде болып, саланың толық әлеуетін ашпай отыр.
Кешенді жоспар ірі қара мал санын 7,9 млн-нан 12 млн басқа, ұсақ мал санын 20,2 млн-нан 28 млн басқа дейін арттыруды көздейді. Ет өндірісі 1,2 млн-нан 1,8 млн тоннаға дейін, ал экспорт көлемі 82 мыңнан 165 мың тоннаға дейін ұлғайтылады.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров саланы қаржылық қолдаудың бірнеше бағыттарын ұсынды:

- Асыл тұқымды мал басын сатып алуға жылдық 6% жеңілдікпен несие беру (жылдық қажеттілік – 300 млрд теңге);
- Шалғайдағы мал шаруашылығын дамыту және жайылым инфрақұрылымын қалыптастыруға 6%-бен 50 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие беру;
- Мал азығын дайындау техникасы мен жабдықтарын сатып алуға 5%-бен 50 млрд теңге көлемінде қаржыландыру;
- Айналым қаражатын толықтыру үшін 5%-бен жеңілдетілген несие беру (жалпы сомасы 225 млрд теңге), «Даму» қоры арқылы кепілдік қолдану.

Сонымен қатар, кешенді жоспар мал шаруашылығы кадрларын даярлау, әлеуметтік жағдай жасау, шопандар мен бақташыларға 55 жастан кейін әлеуметтік төлемдер беру, мамандарға тұрғын үй салу сияқты шараларды қарастырады.

Маркетингтік инфрақұрылымды дамыту, өткізу нарықтарын кеңейту, ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және мал иелерінің жауапкершілігін арттыру да жоспарға енгізілген.

Жоспардың іс-шаралары негізінен бюджет қаражаты, бюджеттік несиелер және қаржы институттарының облигацияларына субсидиялау бағдарламалары арқылы жүзеге асырылады.

Премьер-министр Олжас Бектенов жоспардың ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз ету, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру және қайта өңдеуді дамытуға бағытталғанын атап өтті. Ұлттық ауыл шаруашылығы санағының нәтижелерін цифрлық платформаларға біріктіру және бірыңғай есепке алу көзін пайдалану тапсырылды.

Сонымен қатар, пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару және олардың ұтымды пайдалануын бақылау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Астық егетін үш өңірдегі 330 шаруашылық жоғары бақылауға алынған, мақсатсыз пайдалану анықталған жерлер мемлекеттік қорға қайтарылатын болады.

Жиын қорытындысы бойынша Үкімет Мал шаруашылығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспарын мақұлдады. Премьер-министр Ауыл шаруашылығы министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмысты үйлестіруді және барлық шаралардың сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу