KZ
Өскемен
-5°
пасмурно жел 3 м/с, ОШ
495.1 583.72 6.46

Биыл еліміздегі мал шаруашылығының жалпы өнім көлемі 3 трлн теңгеге жетті

8.12.2025, 11:00 186 Ержан Әбіш

Соңғы он айда Қазақстанда мал басы тұрақты өсім көрсетіп, ірі қара, жылқы, түйе және құс саны бірдей қарқынмен көбейді. Бұл өсім мал шаруашылығы өнімдерінің өндірісін едәуір арттырып, саланың жалпы көлемін 3 трлн теңгеге жеткізуге мүмкіндік берді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Мал шаруашылығы саласының даму барысы және оны жетілдіру шаралары» атты баспасөз конференциясы өтіп, онда ауыл шаруашылығы саласындағы соңғы он айдың нәтижелері мен жоспарлары жан-жақты баяндалды. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин мал басының өсу динамикасы, өндіріс көлемі, экспорттың ұлғаюы және жаңа мемлекеттік қолдау тетіктері туралы кең көлемді ақпарат берді.

Вице-министрдің айтуынша, ірі қара мал саны 1,7%-ға өсіп, 8,4 млн басқа жетсе, жылқы саны да 6,7%-ға артып, қазіргі таңда 8,4 млн басты құрап отыр. Түйе басы 4,5%-ға өсіп, 297,6 мыңға дейін жетті. Ал құс саны 4,4%-ға көтеріліп, 48,3 млн басты құрады. Мал басының жалпы өсуі саладағы өндірістің артуына тікелей ықпал етуде.

Ет өндірісі 2,8%-ға артып, 914 мың тоннаға жетсе, сүт өндірісі 3,3 млн тонна деңгейіне дейін көтерілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,2%-ға жоғары көрсеткіш. Жалпы өсім 3,4% деңгейінде қамтамасыз етіліп, мал шаруашылығы өнімдерінің нарықтағы көлемі 3 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Бұл ішкі сұранысты толық өтеуге ғана емес, экспортты кеңейтуге де мүмкіндік беріп отыр.

Соңғы он айда сиыр еті экспорты 1,6 есеге артып, 30,4 мың тоннаға жетті. Бұл тірі салмақта 152 мың басқа тең. Қой еті экспорты да айтарлықтай өсіп, 1,8 есеге артып, 25,1 мың тоннаны құрады. Қазақстанның бұл бағыттағы әлеуеті жоғары, әрі экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтуге жол ашылып отыр.

Саланы қолдаудың жаңа бағыттарының бірі – бордақылау алаңдарына айналым қаражатын толықтыру үшін жылдық 5% жеңілдетілген несие беру бағдарламасы. Бұл жоба алғаш рет іске қосылып, оған 50 млрд теңге бөлінді. Мұндай несиелер ірі қара мен ұсақ мал бордақылауға маманданған кәсіпорындарға ұсынылады. Бағдарлама өндіріс көлемін 360 мың тоннадан 505 мың тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді деп күтілуде.

Сонымен қатар вице-министр 2024 жылдан бастап енгізіліп жатқан австралиялық тәжірибеге негізделген бес жобаның іске асырылуын атап өтті. Бұл жобалар жайылымдарды айналмалы пайдалану, мал азығымен тұрақты қамтамасыз ету, финалдық кезеңдегі арнайы жемдеу технологияларын қолдану, аралас жем өндірісін және өңдеу кәсіпорындарын дамыту сияқты бағыттарды қамтиды. Мұндай шаралар өндіріс шығындарын төмендетіп, ет экспортын 50 мың тоннаға дейін жеткізуге жағдай жасайды.

Өнеркәсіптік құс фабрикаларын салу жұмыстары да қарқын алған. Соңғы жылдары қуаты 70 мың тонна ет өндіретін алты фабрика іске қосылып, құс етімен өзін-өзі қамтамасыз ету көрсеткіші 58%-дан 79%-ға дейін көтерілді. 2026–2028 жылдары 241 мың тонна өнім өндіретін 8 ірі жоба жүзеге аспақ, олардың төртеуі 2026 жылы пайдалануға беріледі. Бұл өз кезегінде 2026 жылы еліміздің өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейін 90%-ға жеткізіп, 2027 жылы толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сүт өндірісінде де оң серпін байқалады. Солтүстік Қазақстан облысының үлгісі бойынша іске асырылып жатқан бағдарлама аясында жалпы қуаты 352 мың тонна болатын 63 сүт фермасы салынды. Жыл соңына дейін тағы екі ферма іске қосылады, ал құрылыс кезеңінде тұрған 43 жоба 2026-2027 жылдары аяқталады. Бұл бағыттағы жұмыстар сүт өндірісін 600 мың тоннаға дейін арттыруға жол ашады.

Президенттің тапсырмасы бойынша сала мамандары, ғылыми орталықтар, қауымдастықтар, кәсіпкерлер, өңірлер және депутаттардың қатысуымен мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары әзірленіп жатыр. Құжатта айналым қаражатын толықтыруға арналған 5% несие, асыл тұқымды мал сатып алуға 6% несие және көшпелі жайылым шаруашылығын дамытуға бағытталған жаңа өнімдер қарастырылған.

Аманғали Бердалиннің айтуынша, алдағы уақытта жүн мен тері қабылдайтын орталықтарды тиімді ұйымдастыру, өңдеу саласын қолдау, сонымен қатар білікті мамандар даярлау ісі басты назарда болады. Жүргізіліп жатқан кешенді шаралар мал шаруашылығы саласының тұрақты дамуына, өнімділіктің артуына және ауылдағы жұмыспен қамтуды нығайтуға әкеледі.

Ауыл шаруашылығы министрлігі алдағы кезеңде де мал шаруашылығын қолдау, азық-түлік қауіпсіздігін күшейту және отандық өнім өндірушілерді жан-жақты қолдау бағытындағы жұмысын үздіксіз жалғастыратынын мәлімдеді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу