Шығыс Қазақстанда 40 градусқа дейінгі үскірік аяз сақталады
Синоптиктер өңір тұрғындарын ауа райының күрт суытуына байланысты барынша сақ болуға шақырады. «Қазгидромет» РМК мәліметінше, 19 қаңтар күні Шығыс Қазақстан облысының солтүстік және шығыс аудандарында тұман түседі. Жел екпіні секундына 15–20 метрге дейін күшеюі ықтимал. Ал ауа температурасы 40 градусқа дейін төмендеп, өте қатты аяз сақталады, деп хабарлайды Altainews.kz.
Осыған байланысты тұрғындарға елді мекендерден тыс жерлерге шықпай, алыс жолға жоспарланған сапарларды кейінге қалдыру ұсынылады.
Автокөлікті ұзақ уақыт бойы қараусыз қалдырмау, сондай-ақ оны жылыту үшін ашық от көздерін пайдаланбау қажет. Пешпен жылытылатын үйлерде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау маңызды. Пешті жиі жаққанымен, жиілігі 1,5 сағаттан аспауы тиіс және шамадан тыс қыздырмау керек. Ұйқыға жатардан кемінде екі сағат бұрын пеш жағуды тоқтатып, отын толық жанып біткенше күту қажет.
Қосымша электр жылытқыштарын қолданған кезде өрт қауіпсіздігіне ерекше назар аударуға шақырылады.
Төтенше жағдай туындаған жағдайда 112 жедел қызмет нөміріне хабарласу қажет.