Шығыс Қазақстанда 45 градусқа дейін қатты аяз күтіледі
«Қазгидромет» мәліметіне сәйкес, 17–18 қаңтар күндері Шығыс Қазақстан облысының солтүстігі мен шығысында ауа температурасы –45 градусқа дейін төмендеп, үскірік аяз күтіледі, деп хабарлайды Altainews.kz.
Осы ретте Шығыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар қызметі тұрғындарға қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды ұсынады. Елді мекендерден тыс жерлерге аса қажеттілік болмаса шықпауға шақырады.
Сондай-ақ, көлікті ұзақ уақыт бойы сыртта күтіп тұрмау, автокөлікті жылыту үшін ашық отты қолданбау керектігі ескертіледі. Бұл өрт шығу және улану қаупін тудырады.
Жеке тұрғын үйлерде пеш жағу кезінде сақтық шараларын ұстану маңызды. Пешті 1,5 сағат сайын жағып, шамадан тыс қыздырмау қажет. Ұйқыға жатардан екі сағат бұрын от жағуды тоқтатып, отын толық жанып біткенше пешті жаппау керек. Қосымша электр жылытқыштарын қолданған жағдайда олардың өрт қауіпсіздігі талаптарына сай екеніне көз жеткізу қажет.
Төтенше жағдай туындаған кезде 112 нөміріне дереу хабарласу ұсынылады.
Мамандар ауа райының қолайсыз кезеңінде барынша сақ болып, өз өмірі мен жақындарының қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады.