Шығыс Қазақстанда қар, бұрқасын және көктайғақ күтіледі
«Қазгидромет» Шығыс Қазақстан филиалының мәліметіне сәйкес, 5 қаңтар күні түнде облыстың солтүстігінде, шығысында және оңтүстігінде қар жауып, бұрқасын соғып, көктайғақ болуы ықтимал. Күндіз де қар мен бұрқасын сақталып, жолдарда көктайғақ күтіледі. Сондай-ақ түнгі және таңғы уақытта тұман түсуі мүмкін, деп хабарлайды Altainews.kz.
Жел оңтүстік-батыстан соғып, облыстың солтүстігі мен шығысында екпіні 15–20 м/с-қа дейін жетеді. Өскемен қаласында да қар жауып, бұрқасын соғып, көктайғақ болуы болжануда.
Осыған байланысты Шығыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды қолайсыз ауа райы кезінде елді мекендерден тыс жерлерге шығатын сапарларды мүмкіндігінше кейінге қалдыруға шақырады. Ал жолға шығу қажет болған жағдайда, қозғалыс бағыты бойынша жол ережелерін қатаң сақтап, жылдамдықты асырмау және қауіпсіз қашықтықты ұстану ұсынылады.
Жаяу жүргіншілерге жарақат алу қаупін азайту үшін сақтық шараларын күшейту, тайғанақ жолда абай болу ескертіледі. Сонымен қатар, қатты жел кезінде ескі және жалғыз тұрған ағаштардың жанында жүрмеу, олардың маңында көліктерді тоқтатпау, сымдар мен бос тұрған заттарға жақындамау қажет.
Төтенше жағдай туындаған жағдайда бірыңғай құтқару қызметінің 112 нөміріне хабарласу ұсынылады.