Елімізде мобильді алаяқтыққа қарсы шаралар күшейтілуде
Қазақстанда азаматтарды мобильді және интернет-алаяқтықтан қорғауға бағытталған жаңа тетіктер кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Қабылданып жатқан шаралар байланыс саласындағы қауіпсіздікті арттырып, алаяқтық әрекеттердің алдын алуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Негізгі жаңашылдықтардың бірі – ұялы байланыс операторлары мен Ұлттық Банктің Антифрод-орталығы арасындағы тұрақты өзара іс-қимыл. Бұл алаяқтық мақсатта пайдаланылатын телефон нөмірлерін дер кезінде анықтап, жедел бұғаттауға жол ашады. Күдікті қоңыраулар мен хабарламалар тіркелген жағдайда операторлар абонент туралы мәліметтерді Антифрод-орталыққа жолдап, тексеру жүргізеді. Алаяқтық белгілері расталса, нөмір бірден бұғатталып, байланыс қызметі тоқтатылады.
Сонымен қатар абоненттік нөмірлерді рәсімдеу тәртібі нақтыланды. Бір адамға жеке және отбасылық қажеттіліктер үшін онға дейін SIM-картаны тіркеуге рұқсат беріледі. Бұдан артық нөмірлерді рәсімдеу тек нақты негіздеме болған жағдайда және олардың қай құрылғыларда пайдаланылатыны көрсетілген кезде ғана мүмкін болады. Бұл шешім нөмірлерді жаппай тіркеу арқылы жасалатын алаяқтық схемалардың жолын кесуге бағытталған.
Абоненттерді сәйкестендіру талаптары да күшейтіліп отыр. Енді SIM-карталарды рәсімдеу биометриялық сәйкестендіруден өткеннен кейін ғана жүзеге асады. Бұл талап бизнес құрылымдарға да қатысты. Қызметтік мақсатта SIM-карта берілетін барлық қызметкерлер жеке басын міндетті түрде растауға тиіс.
Міндетті биометриялық сәйкестендіру SIM-карталардың делдалдар арқылы заңсыз сатылу мәселесін шешуге де ықпал етеді. Нөмір қай жерде сатып алынғанына қарамастан, байланыс қызметі абоненттің жеке басы расталғаннан кейін ғана іске қосылады.
Жалпы, қабылданып жатқан шаралар телекоммуникация саласында ашық әрі қауіпсіз ортаны қалыптастырып, азаматтарды қаржылық және цифрлық алаяқтықтан қорғауға бағытталған.